Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әлем және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қонағы “Әл-Азхар” университетінің бас имамы Ахмед ат-Тайебпен мешітте кездесті. Бұл жөнінде 16 қыркүйекте Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады.
“Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев жұма намазын оқу үшін астанадағы бас мешітке барды. Онда Қазақстанның тұңғыш президенті Әлем және дәстүрлі діндер лидерлері конгресінің құрметті қонағы “Әл-Азхар” университетінің бас имамы Ахмед ат-Тайебты жылы қарсы алды” деп жазды Үкібай.
14-15 қыркүйекте астанада өткен Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің конгресіне 2000-жылдардың басында осы съезді құрған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев қатыспаған еді.
2003 жылдан бері үш жыл сайын өтіп келе жатқан Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің конгресін әдетте Нұрсұлтан Назарбаев ашып жүрген. 14 қыркүйекте басталған шараны бірінші рет президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Бұл Назарбаев биліктен кеткеннен бері өткен алғашқы съезд.