2025 жылға дейін Ұлттық архив қорының 20 пайызы цифрландырылады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
“Бүгінгі күні Ұлттық архив қорының 1 млн-ға жуық сақтау бірлігі электрондық форматқа көшірілген. Оның ішінде 6 мыңнан астам сақтау бірлігі екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты мәліметтерді қамтиды”, – дейді премьер-министр Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының дерегінше, электрондық форматқа көшірілген құжаттар «Е-архив» ақпараттық жүйесіне кезең-кезеңімен жүктеліп жатыр. Нәтижесінде, азаматтар мен ғалымдар архивтік анықтамаларды электрондық форматта алу мүмкіндігіне қол жеткізеді.
“Майдангерлер туралы мәліметтерді іздестіруді жеңілдету үшін кейбір өңірлерде арнайы электрондық дерекқорлар жасақталған. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жерлестер туралы толық ақпарат беретін «Есімдері мәңгілік жадымызда» атты электрондық базасы жұмыс жасайды. Келешекте мұндай тәжірибе басқа өңірлерге таратылатын болады”, – дейді Әлихан Смайылов.