Осы жылдың 1 желтоқсанына дейін 17888 қазақ тарихи Отанына оралып, “қандас” мәртебесін алған. Бұл жөнінде Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Елге оралғандардың 63,5 пайызы Өзбекстаннан, 9,9 пайызы Ресейден, 9,1 пайызы Түрікменстаннан, 8,6 пайызы Қытайдан, 4,9 пайызы Монғолиядан, 4 пайызы өзге де елдерден келген.

Қандастар негізінен Алматы облысына (27,1 пайыз), Маңғыстау (17,7 пайыз), Түркістан (8,3 пайыз) және Жамбыл (6,1 пайыз) облыстарына және Астана (9,1 пайыз), Шымкент (6,6 пайыз) және Алматы (5,5 пайыз) қалаларына қоныстанған.

Биыл келген қандастардың 59,4 пайызы еңбекке жарамды жаста, 26,9 пайызы еңбекке жарамды жасқа толмағандар және 13,7 пайызы – зейнеткерлер.

Еңбекке жарамды жастағы қандастардың 20 пайызының жоғары білімі, 39,4 пайызының арнаулы орта білімі, 38,9 пайызының жалпы орта білімі бар, 1,7 пайызының білімі жоқ.

1991 жылдан бері Қазақстанға 2 миллионға жуық қазақ оралған.

Өткен айдың соңында еңбек министрлігі 2023 жылдан бастап Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыру талап етілетінін мәлімдеген. Алайда шетел қазақтарына жеңілдік берілетіні хабарланған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз