Сенатор Қапбарова Айгүл өзі және әріптесі Бекназаров Нұрланның атынан премьер-министр Әлихан Смайыловқа Шымкенттегі жол кептелісінің артуына байланысты депутаттық сауал жолдады.
Сенатордың айтуынша демографиялық өсім жағынан Шымкент мегаполистер арасында көш бастап тұр. Кейінгі ресми мәлімет бойынша қалада 1 млн 200 мың адам тұрып жатыр. Ал, қаланың агломерациялық әлеуетін ескерер болса адам саны 1 млн 500 мыңнан асады.
«Бүгінгі таңда қалада көлік құралының көбеюіне байланысты, жолдардың көліктерді өткізу қабілеті төмендеп, кептелістер артқан. Сонымен қатар Шымкент қаласы, Өзбекстан-Ресей транзиттік жолының торабына орналасуына байланысты ауыр жүк көліктерінің ағымы қала аумағымен қатынауда. Тәулігіне Шымкент-Ташкент бағытында 32 мың, Шымкент-Түркістан бағытында 14 мыңнан астам, Шымкет-Алматы бағытында 15 мыңнан астам көлік қатынайды. Оның ішінде 17 мыңнан астамы ауыр жүк көліктері құрайды», – дейді сенатор Қапбарова Айгүл.
Шымкент қаласына мегаполис статусы берілуіне байланысты, мемлекет басшысы Ташкент қаласына шығу бағытын Қонаев даңғылы жалғасын салу және қаланың транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында А-2 айналма жолын қайта құруды тапсырған. Осы мәселеге қаражат тиісті деңгейде бөлінбеуіне байланысты қала орталығындағы магистралды жол құрылысы тоқтатылып, салдарынан көлік кептелісі көбейген.
«Айтылған мәселелердің бәрінде, Шымкент қаласын дамыту үшін мемлекет басшысының тапсырмасы болатын, президент тапсырмасы неге орындалмайды? Құрметті Әлихан Асқанұлы, жоғарыда айтылғандардың ішінде Шымкент қаласы тұрғындары үшін маңыздылығы жоғары бірінші кезектегі жобаларға қажетті қаржылардың толық бөлінуіне ықпал етуіңізді сұраймын», – деді сенатор.
Бұдан бөлек, сенаторлар сауал барысында тұрғын үй, 150 орындық мүгедектерге арналған оңалту орталығы мен оқушылар сарайына қаржы бөлу мәселелерін де қамтып, сауалға жазбаша жауап беруді сұрады.