Буллинг – үнсіз қалуға болмайтын мәселе

0
52
фото: google

Қазіргі таңда буллинг мәселесі тек қоршаған ортаға емес, адамның психологиялық жағдайына да тікелей әсер етеді. Жасөспірімге қорлық көрсетілген сайын, ол айналасындағы адамдардан алыстап, қорқыныш сезімін бастан кешіруі мүмкін. Баланы ренжітіп, жазасыз қаламын деп ойлау – үлкен қателік. Себебі әрбір жасалған әрекеттің өз салдары болады. Бір күні мұндай жағдай адамның өз басына да оралуы мүмкін.

Жастардың айтуынша, қазіргі уақытта буллингтен зардап шегетін балалар саны аз емес. Соның салдарынан кейбір балалар әр қадамын қорқып басатын күйге түседі. Әдетте әлсіз деп санайтындарға күш көрсететін адамдар кездеседі. Ал зардап шеккен балалар көп жағдайда бұл мәселені ешкімге айта алмайды. Айтса, жағдай одан әрі нашарлайды деп қорқады. Мұндай қысымның нәтижесінде кейбір балалар психологиялық ауыртпалыққа шыдамай, өз-өзіне қол жұмсау жағдайларына дейін барады. Бұл – өте өкінішті әрі қауіпті құбылыс.

Мысал ретінде, мектеп оқушылары арасында ұлты немесе сыртқы келбеті үшін кемсіту жағдайлары кездесуі мүмкін. Мұндай жағдайда бала үнсіз қалып, буллингтің құрбаны болып қала береді. Сондықтан буллингке ұшыраған жағдайда қорықпай ата-анаға немесе сенімді ересек адамға айту маңызды. Егер мәселе айтылмаса, ол одан әрі ушығуы мүмкін.

Сонымен қатар, мұндай кезде психолог маманға жүгінген дұрыс. Мамандардың айтуынша, буллинг баланың психологиялық дамуына терең із қалдыруы мүмкін. Адам бұл өмірде өзін қорғай алмаса, өз пікірін білдіріп, қажет кезде «жоқ» деп айта алмаса, қоғамда өмір сүру қиындауы мүмкін.

Қорытындылай келе, буллинг – қоғам болып қарсы тұруды қажет ететін күрделі мәселе. Әр бала өзін қауіпсіз сезінуге және қорғануға құқылы. Сондықтан осындай жағдайлардың алдын алу – әрбір адамның ортақ міндеті.

Амина Амирова, 11-сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз