Үздік оқушы синдромы. Сізді төрттік баға үшін ұрысқан ба?

0
24
фото: google

Үздік оқушы синдромы — адамның өзіне шамадан тыс талап қоюы, әрдайым мінсіз болуға ұмтылуы және қателіктерді қабылдай алмауымен сипатталатын психологиялық құбылыс. Мұндай адамдар үшін тек нәтиже ғана емес, айналасындағылардың бағасы да аса маңызды.

Әрқайсымыздың өмірімізде үнемі үздік болуға тырысатын адам кездеседі. Ол үшін «4» деген баға – жетістік емес, сәтсіздік. Ол өзін үнемі басқалармен салыстырады, қателесуден қорқады және «жеткілікті жақсы» деген ұғымды қабылдай алмайды. Айналаңыздан осындай адамды таныдыңыз ба? Бәлкім, бұл жағдай өзіңізге де таныс шығар?

Көпшілік бұл синдромның бар екенін біле бермейді. Дегенмен оның айқын белгілері бар: жақсы баға алса да, көңілінің толмауы; өз жетістіктерін бағаламау; басқалардың мақтауына тәуелді болу; қателесуден қорқу және өзін үнемі өзгелермен салыстыру. Ал сіз өз бойыңыздан осындай белгілерді байқайсыз ба?

Үздік оқушы синдромы қалай қалыптасады?
Психологтардың айтуынша, бұл синдром көбіне балалық шақта пайда болады. Егер бала тек белгілі бір жетістікке жеткенде ғана мақталса, оның санасында «Мен тек жақсы болғанда ғана құндымын» деген түсінік қалыптасады.

Бұл синдромның кері әсерлері де аз емес: перфекционизм, эмоционалдық күйзеліс, өзін-өзі бағалаудың төмендеуі, қателесуден қорқу және созылмалы шаршау. Мысалы, үнемі жоғары нәтиже көрсетуге тырысқан оқушы бір сәтте қатты шаршап, күйзеліске ұшырап, мотивациясын жоғалтуы мүмкін.

Балаларда бұл синдромның алдын алу жолдары:
– Баланы тек нәтижесі үшін емес, еңбегі үшін мақтау;
– Қателесуге мүмкіндік беру;
– «Мінсіз болу міндет емес» деген көзқарасты қалыптастыру;
– Басқалармен салыстырудан аулақ болу.

Ал егер сізде үздік оқушы синдромы болса, не істеу керек?
– Өзіңізге саналы түрде «қателесуге болады» деп айту;
– Жетістіктеріңізді жазып, бағалап отыру;
– Демалысты күн тәртібіне енгізу;
– Өзіңізді басқалармен емес, кешегі өзіңізбен салыстыру.

Мысалы, жеке күнделік жүргізіп, күн сайын өзіңізді мақтау – психологиялық тұрғыдан оң әсер береді.

Психологтардың пікірінше, бұл синдромды толық жоюдан гөрі, оны басқаруды үйрену маңызды. Ең бастысы – өзіңізді қандай болсаңыз, сол қалпыңызда қабылдау. Егер сіз шаршасаңыз, қателессеңіз немесе бәрі ойдағыдай болмаса – бұл әлсіздік емес, бұл сіздің адам екеніңіздің белгісі.

Жанайым Сейдалхан, 11-сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз