Финляндия мен Швеция НАТО-ға қосылу жөнінде ресми шешім қабылдады

0
204
Photo: Investment Monitor

Финляндия НАТО-ға қосылу жөнінде ресми түрде шешім қабылдады. Бұл жөнінде Финляндия үкіметінің басшысы Санна Марин мен Финляндия президенті Саули Ниинистё жексенбі күні Хельсинкиде өткен бірлескен баспасөз конференциясына сілтеме жасап Азаттық сайты хабарлады. Бұл шешімді енді жақында парламент мақұлдауға тиіс.

Жақын арада Швеция да НАТО құрамына алу жөнінде өтініш бергелі отыр. Мұндай жоспар бар екенін 15 мамырда Швецияның биліктегі социал-демократиялық жұмысшы партиясы жариялады. Швед социал-демократтары ядролық қаруды қаламайтынын және өз жерінде НАТО-ның тұрақты әскери базасын орналастырғысы келмейтінін атап өтті.

Финляндия Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бейтарап елге айналып, СССР-мен де, НАТО елдерімен де тығыз қатынас орнатуға көшкен еді. Швеция 100 жылдан бері бейтарап ел ретінде танылып, дүниежүзілік соғыстарға қатыспаған.

Екі елдің басшылығы да биыл ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң НАТО-ға қосылу жөнінде ұйғарымға келе бастаған. Сауалнамалар екі ел халқының басым көпшілігі НАТО-ға қосылуды қолдайтынын көрсеткен.

Премьер-министр сөзінше, Финляндияның НАТО-ға қосылу жөніндегі шешімі Ресей қаупінен туған. Украинаға басып кірген соң Мәскеуге сенім қалмады, – деді Марин.

Финляндия президенті Ресей президенті Владимир Путинге Хельсинкидің НАТО-ға қосылу жөніндегі шешімін хабарлаған. Ниинистё Путинге “Ресейдің кейінгі әрекеттері Финляндияны НАТО-ға мүше болу жөнінде шешім қабылдауға мәжбүрлегенін” айтқан.

Оған Путин “Финляндияның дәстүрлі саясатынан бас тартқаны қателік болады” деген жауап қатқан. Ресей президенті “Финляндия қауіпсіздігіне ешқандай қатер жоқ екеніне сенімді екенін білдірді” дейді Кремль хабары. Путин “НАТО-ға кіру Ресей мен Финляндияның екі жақты қатынастарына теріс әсер етуі мүмкін екенін” ескерткен.

Хельсинкидегі баспасөз-конференциясында Финляндия президенті “Ресеймен жау қатынас болмайды” деп үміттенетінін айтты. Ол НАТО мүшесі болса да Мәскеумен сыпайы байланысын жоғалтпаған Норвегияны мысалға келтірді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз