Алматыдағы жер сілкінісі кезінде СДЛ көпқабатты үйдің тұрғындарын паналатты

0
790
видеодан кадр

Алматыдағы жер сілкінісі кезінде Сүлейман Демирел атындағы лицей-интернаты көпқабатты үйдің тұрғындарын паналатты, деп хабарлайды kazaknews.kz.

Мегаполис тұрғындары лицейге алғысын білдіріп жатыр.

“Торайғыров бойындағы Сүлейман Демирел атындағы лицейге алғысымды білдіргім келеді. Біз оған қарама-қарсы үйде тұрамыз. Кешегі жер сілкінісінен кейін тұрғындар колледжге баруға болатынын жазып жатты. Біз сонда бардық. Ол жақта бәрінің ұйымдасқан түрде болуы жүрегімді елжіретті. Жоғары сынып оқушылары шай тасып жүрді, асхана ашық тұрды. Адамдарға шай, кофе, су беріп жатты. Баласымен келгендерге матрас берді. Дәлізге үстелдерді қойып қойған. Елдің бәрі сол жерде отырды. Осындай адамгершілік көрсеткені үшін басымды иемін. Күзетші де ешкімді сұрақтың астына алмай, қайда кіру керек екенін көрсетіп отырды. Мектеп әкімшілігіне, мұғалімдерге, балаларға, осындай бала тәрбиелегені үшін олардың ата-анасына үлкен рахмет”, – деп алғысын жаудырды қала тұрғыны.

Ол сөзінің соңында мұндай жағдайдың қайталанбауын тіледі.

Сүлейман Демирел лицейі – ресми бекітілген эвакуациялық жиналу пункті емес. Осыған қарамастан төтенше жағдайда адами құндылықтарға сай әрекет етіп, халықпен бірге болатынын көрсетті.

Еске сала кетейік, Алматыда 23 қаңтарда 00:09-да жер сілкінді. Жерасты дүмпуі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қазақстен мен Қырғызстан шекарасы аумағында болды. Жер сілкінісі 5 балл деңгейінде сезілді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз