Жер сілкінісі кезіндегі дабыл шабаданы дегеніміз не? Ол қандай болады?

0
49
Photo: depositphotos.com

23 қаңтарға қараған түні Алматы қаласының тұрғындары қаладан 264 шақырым жерде, Қырғызстан мен Қытай шекарасында болған жер сілкінісін сезді. Осындай табиғи апат кезінде бәріміз де жедел эвакуацияға тап боламыз. Сондықтан, отбасымыз бен жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін әр үйде дабыл шабаданы болғаны дұрыс. 

Дабыл шабаданы қандай болуы тиіс?

Бұл үшін сізге шағын шабадан, рюкзак не сөмке қажет. Оның матасы су өтпейтін әрі сапалы болғаны абзал. Эвакуация кезінде дабыл шабаданын көтеріп жүресіз. Сондықтан, оның аса ауыр болмағаны өзіңізге жақсы. Егер отбасыңызда адам саны көп болса, онда сіздерге бірнеше сөмке алуға тура келеді. Мүмкіндігінше отбасының әр мүшесінің өзі көтере алатындай көлемде дабыл шабаданы болғаны жақсы.Оның ішіне әдетте маңызды құжаттар мен күнкөріс үшін ең қажетті заттар салынады. Мұндай жинақ кез келген төтенше жағдай кезінде керек болады.

Дабыл шабаданына не салу қажет?

Алматы қаласының төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы дабыл шабаданына мына заттарды салуға кеңес береді:

Құжаттар. Отбасы мүшелерінің жеке куәлік не туу туралы куәліктерінің көшірмесін жасатып алыңыз. Сондай-ақ, сізге жүргізуші куәлігі, неке қию туралы куәлік және паспорт қажет болуы мүмкін. Мүмкіндігінше барлық көшірмелерді алдын-ала ламинаттап алған дұрыс.
Ақша. Сөмкеге қағаз ақшаны ғана емес, банк карталарын да салып қойыңыз.
Су. Отбасының әрбір мүшесіне кем дегенде 2 литр су қажет. Оны пластик бөтелкелерге құйып алған жөн.
Тамақ. Мүмкіндігінше калориясы көп, сақтау мерзімі ұзақ тамақтан алыңыз. Оны герметикалық жабық ыдысқа салыңыз. Сондай-ақ, тәтті батондар мен консервідегі тағамдар алуға ыңғайлы.
Гигиена заттары: сабын, әжетхана қағазы, сулы майлық, антисептикалық гель.
Жылы киім мен жамылғы. Синтетикалық матадан тігілген киімдерді алған жақсы. Себебі, олар сөмкеде көп орын алмайды.
Сіріңке. Мүмкіндігінше су өтпейтін сіріңке алып қойғаныңыз дұрыс.
Радиоқабылдағыш. Мобильді байланыс жоқ кезде құтқарушылармен хабарласуға керек болады.
Фонарь. Жарық өшкен кезде қажет болады.
Ысқырық. Құтқарушыларға сигнал беру үшін қажет.
Дәрі қобдишасы.

Бұл – алғашқы уақытқа жететін ең қажетті заттар тізімі. Бұл тізімге қуаттағыш құрылғы, сағат, арқан, пышақ, қасық, қосымша ішкиім және тігін құралдарын қосуға болады. Кішкентай балаларыңыз болса, олардың арнайы тамағы мен жөргегін де салып алыңыз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз