Америка визасы туралы: АҚШ консулының кеңесі

0
440

Өткен жылы Қазақстан азаматтары үшін  АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығы 10 385 виза, Астанадағы АҚШ елшілігі 8 158 виза шығарған. 2017 жылы әлем бойынша 19 239 америкалық визаны қазақстандықтар алған. 2016 жылдан бастап АҚШ қазақ азаматтарына виза мерзімін 10 жылға ұзартты. 

“Ең алдымен азаматтар өз мемлекетімен толыққанды байланыста екендігін дәлелдеуі қажет. Кей елдерде тек құжаттарға мән береді. Ал, біз сұхбатқа көбірек назар аударамыз. Әрине, құжаттар толық болуы керек. Алайда, бастысы интервью барысында азаматтар жоспарын, АҚШ-қа барудағы ниетін, туған елімен байланысы бар екендігін нақты дәлелдеуі тиіс. Бұл тек Қазақстан ғана емес барлық елдерге ортақ ереже”, – деді АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Эрик Майер.

АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Эрик Майер

“Ең алдымен – жоспардың бар екендігін, барлығы ұйымдастырылғанын, белгілі бір уақыттан кейін Қазақстанға қайта оралатыныңды дәлелдеу. Сондай-ақ барлығы логикаға сай болуы қажет. Әсіресе, ұшақ билеті мен елде тұрақтау үшін жеткілікті қаражат болуы тиіс. Кейбір қалалар қымбат болса да саяхаттың арзан жолдары бар екендігін ескеру қажет. Сондықтан ең бастысы саяхат жоспарын көрсете білу”, – деді генконсул.

Бір жарым жыл бұрын қазақ азаматтары АҚШ визасын 10 жылға алу мүмкіндігіне ие болды. Одан бұрын тек 5 жыл болатын.

“Онжылдық визаның іске қосылғандығына қуаныштымыз. Бұл өте үлкен өзгеріс. Аталмыш мүмкіндік барлық елде қарастырылмаған. Мысалы, мен соңғы қызмет еткен елде азаматтар тек 3 айға ғана виза ала алатын және 1 рет қана АҚШ-қа кіру мүмкіндігіне ие еді. Он жыл – барлық стандартқа сай келеді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Соңғы жылда біз Қазақстан азаматтарына 20 мыңға жуық виза бердік”, – деді Эрик Майер.

Бас консул паспорт мерзімі бітіп, виза жарамды болғанда не істеуге болатындығын айтты.

“Әр елдің өз ережесі бар. АҚШ-та паспорт ауыстырғанда ескісінің бірінші бетін арнайы тесіп береді. Ал кей елдерде бүкіл парағын теседі. Егер Америка визасы бар бет те тесілетін болса, онда ол виза жарамсыз. Визаны бүлдірмеуін қадағалау қажет. Паспорттың мерзімі аяқталып, виза уақыты бітпеген болса ескі құжатпен саяхаттай беруге болады. Тек ескі паспортыңызды көрсетесіз. Ал, мөрді жаңа паспортқа қояды. Егер бұл әдіс жарамайтын болса, АҚШ визасына қайта өтінім беруге тура келеді. Дәл осындай жағдайда қалсаңыз сұхбатқа келу міндетті емес. Құжаттарды электронды почта арқылы жіберуге болады”, – деді АҚШ Бас консулы Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында.

Travel.state.gov сайты жариялаған ақпаратқа сәйкес, 2017 жылы Қазақстан азаматтарына АҚШ визасының берілмеуі 32,81 пайызды көрсеткен.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз