Антикор Мәсімовтің інісі туралы ақпаратқа ақшалай сыйақы тағайындады

0
231
Нұрлан Мәсімов. Photo: Egemen.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімовке іздеу жариялаған. Енді оның қайда екенін айтқан адамға 400 айлық есептік көрсеткіш немесе шамамен 12,7 млн теңге ақшалай сыйақы тағайындады.

Антикор айтқан адам туралы ақпаратты құпия сақтауға уәде берді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің немере інісі, 48 жастағы Нұрлан Мәсімов Павлодар облысы полиция басқармасының басшысы қызметінен қаңтар ортасында босатылған еді. Ол мекемені 2019 жылдың қарашасынан басқарып келген. 22 сәуірде Жемқорлықпен күрес агенттігі Мәсімовке іздеу жариялаған.

“Билікті басып алу” және “мемлекетке опасыздық жасау” баптары бойынша күдікке ілінген Кәрім Мәсімов қазір тергеу изоляторында отыр.

56 жастағы Кәрім Мәсімов – Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі. Назарбаев оны 2016 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы етіп тағайындаған. Мұның алдында ол 2007-2012 және 2014-2016 жылдары екі рет премьер-министр қызметін атқарған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз