Араға екі жыл салып Қазақстан мешіттерінде тарауих намазы оқылды

0
640
Нұр-Сұлтандағы Әзірет Сұлтан мешіті.

Мұсылмандардың қасиетті айы Рамазан басталды. 1 сәуір кешке Қазақстан мешіттерінде тарауих намазы оқылды. Сенбіден бастап мұсылман жұрты ауыз бекітеді.

Нұр-Сұлтандағы Әзірет Сұлтан мешіті лық толды. Екі жыл пандемия шектеулерінен тарауих намазын оқи алмаған жұрт мешітке ағылып келіп жатты. 

Тарауих намазы – Рамазан айында құптан уақытында оқылатын жиырма рәкәғат намаз. «Таруих» – дем алу деген мағынаны білдіреді. 

Биылғы Рамазанға дайындық, ұйымдастыру жұмыстары туралы Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаевпен әңгімелескен едік. 

Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев.

“Биыл карантин жеңілдеп тарауих, жұма намаздарын жамағатпен оқуға рұқсат берілді. Әзірет Сұлтан мешітімен қоса астанадағы асханасы бар мешіттерде күнделікті ауызашар ұйымдастырылады. Әзірет Сұлтан мешітінде күнделікті 300 адамға ауызашар беріледі. Күнделікті онлайн және офлайн форматта уағыздар өтеді. Үлкен мешіттерде Құран хатым жасалады. Бұл дегеніміз 30 күн бойы намазда Құран кітабын бастан аяқ бір рет оқып бітіру. Қари (Қасиетті Құран кітапты жатқа білетін адам) бар мешіттерде дәстүрлі түрде хатым жасалады”, – деді Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев.

Мешіт өкілінің сөзінше, тарауих намазынан шыққан халықты қала әкімдігі ұйымдастырған автобустар үйіне жеткізіп салады. 

“Халықтың шынымен де пандемиядан кейін Рамазан атмосферасын сағынып қалғаны байқалады. Қасиетті айда көпшілікпен, құлшылықпен мешітте, ауызашарларда мәре-сәре боп жүруді қалайтыны белгілі. Жамағаттың көңіл-күйі көтеріңкі, құлшынысы зор. Қазірдің өзінде мешіт толып кетті. Алла қаласа Рамазан айын құлшылықпен, жақсы көңіл-күймен ерекше өткіземіз деген ой бар”, – деді ол .

“Келіп жеткен қасиетті ай құтты болсын. Баршамыздың тілектеріміз орындала берсін. Үкімет әрдайым халыққа қызмет ете берсін. Елімізде тыныштық, бейбітшілік болғай. Осылай арқа-жарқа тарауихқа жиналуды екі жыл күттік. Сағынышпен келіп отырмыз”, – деді қала тұрғыны Сәбит Жаңаділұлы.

Әзірет Сұлтан мешітінде Тарауих намазын оқытатын қарилардың бірі 12 жасар түркістандық бала.

Айта кетейік, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ораза 30 күн болмақ. 2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – Қадір түні.

Сондай-ақ, биыл пітір мөлшері 500 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері Қазақстан бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз