Астанада National Geographic Photo Ark көрмесі ашылды

0
272
National Geographic Photo Ark көрмесі.

11 қарашада Астанадағы Ұлттық музейде National Geographic Photo Ark көрмесі ашылды. 4 желтоқсанға дейін жалғасатын көрмені KAZMEDIA HOLDING компаниясы ұйымдастырып отыр.

Көрме жан-жануардың  барлық түрін құжаттаумен айналысатын National Geographic зерттеушісі, фотограф Джоул Сарторидың  хайуанаттар бағында, аквариумдарда және жабайы табиғат қорықтарында түсірген жұмыстарын көрсетеді.

National Geographic Photo Ark – хайуанаттар бағында, аквариумдарда және жабайы табиғат қорықтарында мекендейтін барлық түрді фотоқұжаттау арқылы адамдарды тамсандырып қана қоймай, аң мен құсты болашақ ұрпақтарымызға көрсете алу үшін қорғауға шақырады.

National Geographic Photo Ark, бұл – сиреп бара жатқан түрлерді тым кеш болып қалмай тұрғанда фотоға түсіруді мақсат еткен, тайға таңба басқандай айғақты әрі көрнекі жоба. Мұндағы суреттер жай ғана фото емес, жер бетінен мүлдем жойылып кетудің алдында тұрған тіршілік иесінің ғажайып сұлу бейнесін, тіпті көңіл күйі мен жан дүниесін паш ететін портреттер. Оның қай қайсысы да сізді бей-жай қалдырмайды. Тамсандырады, таңдандырады әрі ойлантады.

Сондықтан жоба келешек ұрпақтың танып-білуі үшін архив жазбалар жасаумен қатар, оларды сақтау жолындағы платформа болуды көздейді әрі жан-жануарларды қорғаумен айналысатын адамдар мен ұйымдарды да таныстырады.

Сарторидың бағалауынша, толық аяқталған National Geographic Photo Ark құстарды, балықтар мен сүтқоректілерді, бауырымен жорғалаушыларды, қосмекенділер мен омыртқасыздарды қоса алғанда, 20 000 түрдің портретін қамтитын болады.

Биологиялық әралуандықтың студиялық сападағы бірыңғай ірі архивіне айналатын National Geographic Photo Ark жобасы адам қамқорлығындағы әрбір түрді фотоқұжаттау жөніндегі мақсатына көбіне-көп Сарторидың әлемнің көптеген хайуанат бақтарымен, аквариумдарымен және қорықтарымен тығыз қарым-қатынаста болуының арқасында ілгерілеп келеді.

Көрме ашылуында сөйлеп тұрған Қазақстан ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

National Geographic Photo Ark көрмесі дүние жүзінде, соның ішінде Лос-Анжелестегі Annenberg Space for Photography-де, Испанияның Мадридтегі ұлттық музейінде және Оңтүстік Кореяның Сеул ғылыми орталығында таныстырылды. Көрмелер аясында National Geographic-тің кітаптар сериясы да, соның ішінде “Photo Ark Wonders”, “Vanishing” және “Birds of the Photo Ark” joelsartore.com сайтында немесе кітаптар сатылатын орындарда қолжетімді болады.

Photo Ark туралы және Сарторидің ғаламшарымыздағы биоалуандықты құжаттау, қауіп төніп тұрған түрлерді құтқару және олардың аса маңызды мекендерін қорғау жөніндегі күш-жігерін қалай қолдауға  болатыны жөнінде NatGeoPhotoArk.org сайтынан білуге болады.

National Geographic осы маңызды жобаны көптеген платформада, соның ішінде Астанадағы Ұлттық музейде жұма күні ашылған көшпелі көрме форматында да ұсынды.

National Geographic Society – бұл ғылымның, зерттеудің, білім мен көркем баяндаудың қуатын әлем ғажайыптарын таныту мен қорғау ісіне қолданатын жаһандық коммерциялық емес ұйым. National Geographic 1888 жылдан бері батыл адамдар мен жаңғыртушы идеяларға инвестиция салып, зерттеулер көкжиегін кеңейтіп келеді. Барлық жеті құрлықтағы  жұмыс үшін жыл сайын  15 000-нан аса грант бөліп, 3 миллион студентті ағартушылық ұсыныстар арқылы қамтиды және «тәжірибе, тарих және мазмұн»  арқылы бүкіл әлем бойынша аудитория назарын тартады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз