Қазақстан “жемқорлық индексінде” екі орын төмендеді

0
125
Transparency International ұйымының 2018 жылға арналған Жемқорлықты қабылдау индексінен Қазақстанның орны көрсетілген скриншот. 29 қаңтар 2019 жыл.

Transparency International (TI) халықаралық ұйымы жыл сайынғы Жемқорлықты қабылдау индексін жариялады. Қазақстан индексте 2018 жылы екі орын төмендеп, 124-орынға сырғыды.

Азаттық радиосының хабарлауынша, аталмыш ұйым былтыр Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері мемлекеттік және қоғамдық салаларда сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін азайтуда алға ілгерілей алмай, аймақта демократияға қауіп төндіргенін айтады.

Индекстегі 180 елдің үштен екісінен көбі 2018 жылы жемқорлықпен күресте тиісті 100 баллдан 50-ден төмен балл жинаған. Балл неғұрлым аз болған сайын, мемлекеттің жемқорлықты қабылдау индексіндегі орны да төмендей береді. Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің орташа балы 35-ті құрап отыр. Қазақстан 2017 жылы жемқорлық индексінде 31 баллмен тоғыз орын жоғарылап 122-орынға шықса, 2018 жылы дәл осындай баллмен екі орын төмендеді.

Индексте алдыңғы орындарда Дания (88 балл) мен Жаңа Зеландия (87 балл), Финляндия, Сингапур және Швеция (85 балл) тұр. Ұйым 100-ден 45 немесе одан да төмен балл алған елдерде жемқорлықпен күресте айтарлықтай ілгерілеу болмағанын көрсетеді. Сарапшылар жалпы саяси ерік-жігер жоқ, азаматтық институттары әлсіз және саяси еркіндіктер шектелген елдер мен қоғамда жемқорлық оған деген қарсылық әлсіз болғанына қарамастан, дами беретінін айтады.

Орталық Азия елдері арасында Түркіменстан 161, Өзбекстан 158, Тәжікстан 152, Қырғызстан 132-орында тұр. Ресей биылғы индексте үш орын төмендеп, 138-орынға түскен.

Шығыс Еуропа елдері мен Орталық Азия аймағы елдері арасынан алдыңғы орынға Грузия шыққан (58 балл, 41-орын).

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз