Елімізде 4 мыңға жуық лифтіні ауыстырып, 2,5 мыңға жуығын күрделі жөндеу қажет. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына премьер-министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған.

«Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес лифттер қауіпті техникалық құрылғылар ретінде анықталған. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның нормаларына сәйкес тұрғын үй инспекторлары лифттердің дұрыс жұмыс істеуіне жауапты. Атап айтқанда, олар көппәтерлі үйлердің лифттеріне тұрақты техникалық тексеру жүргізеді, жөндеу жұмыстарын жүргізу кестесін жасайды, күрделі жөндеу жүргізу бойынша тиісті құжаттарды келіседі. Кез келген ақауларға уақытылы ден қояды», – делінген Үкімет басшысының жауабында.

Үкімет басшысының айтуынша, лифтілерді жаңартуға қатысты осы бағытта жұмыс Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында жүргізіліп жатыр. Ол үшін жыл сайын бюджеттік кредиттер көзделген.

«Бүгінгі таңда тұрғын үй қорында 34 мыңға жуық лифт бар. Оның ішінде 4 мыңға жуық бірлік ауыстырылуға жатады және шамамен 2,5 мың бірлікке күрделі жөндеу қажет. Осы жылы лифтілерді сатып алуға және жөндеуге 13,8 млрд теңгеге бюджеттік өтінім дайындалып жатыр. Осылайша, лифттерді жаңарту бойынша одан әрі жұмыс тұжырымдаманың іс-шаралар жоспарына сәйкес жалғасады», – деді Әлихан Смайылов.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз