Қазақстанның энергетикалық жүйесі Ресейге тікелей тәуелді – Ranking

0
89
Photo: kerekinfo.kz

Биылғы жылдың басында елімізде электр энергиясын өндіру 31 млрд кВт·сағ құрады. Бұл былтырғы жылдың басымен салыстырғанда 0,9% артық. Дегенмен электр энергиясын тұтыну 30,9 млрд кВт·сағ-қа жеткен (бір жылда 1,4% өсті), деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Ranking сайтына сілтеме жасап.

Жалпы, елімізде электр қуатының тапшылығы бар, бұл энергетика саласының осал тұсы бар екенін көрсетеді. Мәселен, биыл қаңтар айында елімізде электр энергиясының тапшылығы 4,2 млн кВт·сағ құраса, ақпанда 23,3 млн кВт·сағ құраған.

2022 жылы энергия тапшылығы сегіз ай бойы байқалған. Әсіресе оңтүстік аймақта электр қуатының тапшылығы бір жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді. 2023 жылдың наурыз айында Оңтүстік Қазақстанда өндіріс тұтынудың 57,2%-ын ғана жапқан. Яғни тапшылық 971,0 млн кВт·сағ құрады.

Егер электр қуатының тапшылығы республика бойынша байқалса, онда ол көрші Ресейден сатып алу арқылы өтеледі. Яғни, РФ энергетикалық жүйесі Қазақстандағы өндіріс пен тұтыну арасындағы сағаттық ауытқуларды өтей отырып, Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесін қолдайды.

Шындығында, бұл арқылы Қазақстанның энергетикалық жүйесі жеткілікті және тәуелсіз емес екені, Ресейге тікелей тәуелді екені көрінеді.

Жалпы, Қазақстан 2021 жылдың күзінен бастап кешкі уақытта 1,3 ГВт-тан асатын электр қуаты мен қуат тапшылығына тап болған. Энергетика министрлігінің электр энергиясы мен қуаттылығының жеті жылдық болжамды балансына сәйкес, 2029 жылға қарай электр қуатының тапшылығы 3 ГВт-тан асады деп күтілуде.

Ал 2029 жылға қарай максималды тапшылық 5,5 млрд кВт·сағ көлемінде болады. Бұл ретте қолда бар қуат қорының азаюы көрінеді. Қазіргі жағдай болжанғаннан ертерек және әлдеқайда үлкен көлемде қуат тапшылығына әкелуі мүмкін.

Қазіргі уақытта елімізде энергетикалық кешеннің негізгі активтерін қайта құруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге, ең алдымен, тарифтерді белгілеу жүйесіне байланысты мүмкіндік жоқ. Қолданыстағы тарифтер қажетті шығындардың басым бөлігін өтей алмайды.

Энергетика министрлігі айына 1 МВт үшін 590 мың теңге мөлшерінде белгілеген қуаттылықтың шекті тарифі 2019 жылдан бері қайта қаралмаған. Бұл ретте 2015–2022 жылдар аралығындағы жиынтық инфляция деңгейі 78%-ды құрады.

Елдің электр қуатына деген сұранысын қанағаттандыру үшін жаңа электр станцияларын салу қажет. Жүйелік оператордың айтуынша, Қазақстанда жылу электр станцияларының 55%-ы, су электр станцияларының 68%-ы 30 жылдан ескі.

Энергетикалық нысандарды жеткіліксіз қаржыландыру түптеп келгенде өнеркәсіптің деградациясына және экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз ете алмауына әкеледі.

Кейінгі жылдардағы — Екібастұз, Рудный, Риддер, Теміртау қаласындағы апат қауіпсіздік шегінің таусыла бастағанын көрсетеді. Қазір Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде жұмыс істеп тұрған 37 жылу-электр станциясының (ЖЭО) 19-ы қызыл аймаққа, 11-і сарыға, 7-і жасыл аймаққа енген. Қызылорда, Кентау қаласы 80% сыни деңгейден асып кетті.

Қазақстанда «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын енгізу энергия өндіруші ұйымдардың қолда бар активтерін реконструкциялауға, жаңғыртуға және кеңейтуге және сол арқылы энергетикалық жүйенің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, Қазақстандағы электр энергиясының құны әлемдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі болып қала береді. GlobalPetrolPrices.com сайтының мәліметінше, 2022 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша, Қазақстанда электр энергиясының құны 1 кВт·сағ-қа 0,045 АҚШ долларын құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 147 мемлекеттің арасында арзан электр энергиясы бар 30 елдің қатарында. Ал бізге көрші ел Қырғызстан мен Өзбекстан Қазақстаннан да арзанырақ: сәйкесінше 0,01 және 0,026 АҚШ доллары.

Сонымен қатар, Қазақстанда электр энергиясын тұтыну Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда бірнеше есе жоғары. ТМД және Орталық Азия елдері арасында Index Mundi сарапшыларының мәліметінше, электр энергиясын жан басына шаққандағы тұтынудың ең жоғары деңгейі Ресейде (жылына бір адамға 6,4 мың кВт·сағ) және Қазақстанда (4,9 мың кВт·сағ) байқалады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз