Еріктілер – қоғамға, адамдарға немесе табиғатқа ешқандай ақысыз, өз еріктерімен көмек көрсететін жандар. Олар жақсы істерді міндет немесе парыз деп емес, жүрек қалауымен жасайды. Қазіргі таңда қоғамда еріктілердің рөлі ерекше маңызға ие болып отыр.
Еріктілер әртүрлі салада белсенділік танытады. Табиғи апаттар кезінде көмек көрсету, әлеуметтік осал топтарды қолдау, экологиялық акцияларға қатысу – олардың негізгі бағыттарының бірі. Сонымен қатар олар қарияларға қамқорлық жасап, балалар үйлеріне барып, қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Осындай игі істер қоғамда мейірімділік пен бірлік құндылықтарын нығайтады.
Еріктілік тек қоғамға ғана емес, адамның жеке дамуына да үлкен әсер етеді. Ерікті болу арқылы жастар жауапкершілікті сезінеді, жаңа ортаға бейімделеді, қарым-қатынас дағдыларын дамытады және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастырады. Бұл тәжірибе болашақ мамандық таңдауда да маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар еріктілік қызметі шетелдік жоғары оқу орындарына түсу кезінде үлкен артықшылық береді. Көптеген университеттер талапкердің қоғамдық белсенділігіне ерекше назар аударады. Еріктілік – адамның жан-жақты дамығанын, қоғамға бейжай қарамайтынын дәлелдейтін маңызды көрсеткіш. Сондықтан еріктілік тәжірибесі талапкердің мүмкіндігін арттырып, оның портфолиосын күшейтеді.
Тоқсан ауыз сөздің толық түйіні, еріктілер – қоғамды алға жылжытатын күш. Олар адамдарды біріктіріп, сенім мен жанашырлықты арттырады. Әрбір жас ерікті болуға қадам жасаса, қоғамымыз одан әрі ізгі әрі мықты болары сөзсіз.
Бүгін жасаған кішкентай жақсылығың – ертең үлкен өзгеріске айналуы мүмкін.
Толғанай Темірханова, 11-сынып оқушысы





















































