Депутат Майқайың шахтасындағы былықтарды жайып салды

0
35

Мәжіліс отырысында «Майқайың-алтын» АҚ шахтасындағы апат туралы айтылды.

Депутат Жарқынбек Амантайұлы, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға және Бас прокурор Берік Асыловқа, Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Майқайың шахтасында бір жүргізуші және 3 құтқарушы мінген автобустың шұңқырға түсіп кетуіне байланысты сауал жолдады.

Естеріңізге сала кетейік, апат 4 қаңтарда орын алған еді. Шахта аумағында жер опырылып, оған автобус түсіп кеткен. Қазіргі таңда 4 адамның екеуінің денесі табылып, қалған екеуін іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Депутаттың айтуынша опырылған жердің астында шахта болғаны туралы ескерту болмаған. Тіпті шахта үстіне жол салып, оны қызметкерлер апатқа дейін пайдаланып келген. Негізінде ол жерді «қауіпті аймақ» деп қоршап қою керек болған.

Тіпті сол аумақта тұратын тұрғындар да алаңдаушылық білдіруде. Себебі олардың үйлерінің асты да шахтаға айналып кеткен.

«Жұртшылық, кен қазу барысында жарылыстан үйлері солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан», – дейді депутат.

«Майқайың-алтын» АҚ-та 1000-нан астам жергілікті тұрғын қызмет атқарады. Ресми ақпарат бойынша шахта құрылғалы 16,7 миллион тонна кен (80 тонна алтын, 1240 тонна күміс, 204 тонна мыс, 300 мың тонна мырыш) өндірген. Алайда, бүгінге дейін шахта өз ақшасына жергілікті тұрғындар үшін үй, балалар алаңы, спорт кешені немесе әлеуметтік нысан тұрғызбаған.

Бұл компанияның 100 пайыз акциясы Кипрде орналасқан, «Rence Еnterprises Limited»-ке тиесілі. Оның иесі – кәсіпкер Милан Попович.

«Еліміздің байлығына кенелген, бұл бай патшағарлардың ісін кім қадағалауға алады? Арнайы құрылған комиссияның жұмысын ашық, әрі жұртшылықпен бірлесе отырып үйлестіру керек. Барлық шахталық жұмыс жүргізілген аумақтарды анықтап, оларды қауіпсіздік ережелеріне сай оқшаулау маңызды. Осы орын алған апатқа прокуратура әділетті бағасын беруі қажет», – деді депутат Жарқынбек Амантайұлы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз