Елбасы қазастандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады

0
222

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан азаматтарын Ұлыстың Ұлы Күні Наурыз мейрамымен құттықтады.

Назарбаев Конгресс орталықтағы «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел» атты мерекелік мюзиклден кейін тілшілерге берген сұхбатында «Құрметті отандастар, келе жатқан көктем мен жақсылықтың мерекесі – Наурыз мейрамы барша қазақстандықтарға құтты болсын! Бұл – ұзын қыстан кейін, аяз бен бораннан кейін асыға күтетін мерекеміз. Менің Жарлығыммен, Наурызды үш күн тойлайтын боламыз. Бағзы заманнан келе жатқан мереке Тәуелсіздікпен бірге қайта оралды. Мінеки, Тәуелсіздікті алғалы бері осы Наурызды атап келе жатырмыз. Түбінде бұл біздің негізгі жаңажылдық мерекеміз болады. 1 қаңтарды I Петр Батыс Еуропадан алып келген еді. Оны да тойлаймыз. Бірақ біздің негізгі мерекеміз – күн мен түннің теңелетін, табиғаттың барлығы оянатын кез», – деді.

Елбасы «5 әлеуметтік бастама» туралы үндеуінің маңыздылығына тоқтай отырып, қазақ халқына ақ тілегі мен ыстық лебізін білдіріп, бақыт тіледі.

«Бұл бастама әрбір қарапайым қазақстандыққа арналады. Біріншіден, бұл баспана мәселесін шешуге бағытталған. Оны осыған дейін айттым. Екіншіден, жастардың жағдайын жақсарту. Яғни жатақханалар салу, мемлекеттік гранттарды көбейту, табысы аз азаматтарды салықтан босату, Қазақстандағы елді-мекендерді газбен қамтамасыз ету. Мұның барлығы қарапайым халыққа, олардың әлеуметтік жағдайын көтеруге арналады. Осыған барлықтарыңыз ат салысуларыңыз керек.

26 жылдардың ішінде Қазақстан дүниежүзіне танымал болды. Абыройымыз артып келеді. Осы бағытты болашақта да ұстауымыз керек. Себебі, елдің бірлігі – болашақ табыстарымызға кепіл болады. Қазақта «Жаңа жыл жарылқасын, ескі жыл есіркесін. Ақ мол болсын, қай жерде жүрсең жолың болсын» деген сөз бар. Мәңгілік ел болуға қадам басқан жолымыз, құтты болсын. Бақытты болайық. Бала-шағамыз, ұрпақтарымыз аман болсын. Солардың бақыты үшін жұмыс істейік», деп қортындылады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз