Бәлкім, біз қызғана қарайтын «идеал өмір» біреудің тек ең жақсы сәттерінен құралған әдемі монтаж ғана шығар? Бұл сұрақ бүгінгі қоғам үшін аса өзекті. Себебі қазіргі таңда әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып, біздің ойымызға, эмоциямызға және өзімізді қабылдауымызға тікелей ықпал етіп отыр.
Бүгінгі күні Instagram, TikTok, Telegram секілді платформаларда күн сайын жүздеген сторис пен видеоларды көреміз. Алғашында бұл жай ғана көңіл көтеретін контент болып көрінеді. Алайда уақыт өте келе мұндай ақпарат ағыны адамның көңіл күйіне, өзін бағалауына және айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына әсер ете бастайды.
Әлеуметтік желіде адамдар көбіне өмірінің ең әдемі, ең сәтті сәттерін ғана көрсетеді. Сапалы фотосуреттер, романтикалық кездесулер, сыйлықтар, саяхаттар мен «мінсіз» отбасылық өмір экранда тартымды көрінеді. Бірақ біз сол кадрлардың артында тұрған шынайы өмірді көрмейміз. Қиындықтар, ұрыс-керіс, шаршау мен сенімсіздік сияқты сезімдер көбіне камера сыртында қалады. Соған қарамастан, көрермен ретінде біз бұл көріністерді шындық деп қабылдап, өз өмірімізбен салыстыра бастаймыз.
Соңғы уақытта әлеуметтік желіде «базалық минимум» деген ұғым кең тарады. Яғни, жігіт міндетті түрде гүл сыйлауы, тосынсый жасауы, үнемі ерекше көңіл бөлуі керек деген сияқты стандарттар қалыптасты. Мұндай видеоларды көрген қыздар өз қарым-қатынасына күмәнмен қарап, «Неге менің жігітім ондай емес?» деген сұрақ қоя бастайды. Ал шын мәнінде, әрбір қарым-қатынас екі адамның арасындағы жеке тарих. Оны әлеуметтік желідегі бір минуттық бейнемен салыстыру дұрыс емес.
Әлеуметтік желінің тағы бір елеулі зияны сырт келбетке байланысты комплекстердің пайда болуы. Түрлі фильтрлер, жарық пен тиімді ракурстар адамдарды шынайы өмірдегіден өзгеше етіп көрсетеді. Алайда көрермен мұның бәрін ескере бермей, өзін басқалармен салыстырады. Соның салдарынан өз-өзіне деген сенімсіздік, көңіл күйдің төмендеуі, тіпті депрессиялық жағдайлар туындауы мүмкін.
Психологтар әлеуметтік желіні толықтай зиянды деп есептемейді. Керісінше, оны дұрыс әрі саналы түрде қолдану маңызды екенін атап өтеді. Егер адам әлеуметтік желідегі контенттің шынайы өмірдің толық көрінісі емес екенін түсінсе, оның психологиялық әсері де әлсірейді. Америкалық психолог Джин Твендж (Jean Twenge) бұл туралы былай дейді: «Әлеуметтік желіде көп уақыт өткізетін жастар өздерін жиі бақытсыз әрі жалғыз сезінеді, себебі олар өз өмірін басқалардың идеалданған бейнесімен салыстырады».
Қорытындылай келе, әлеуметтік желі бізге әрі мотивация, әрі қысым көрсете алады. Барлығы оны қалай қабылдайтынымызға байланысты. Ең бастысы экрандағы «идеал өмірдің» көбіне монтаждалған кадр екенін ұмытпау. Әр адамның өмірі ерекше, сондықтан оны өзгенің сторисімен өлшеудің қажеті жоқ. Шынайы бақыт басқа біреудің өмірінде емес, өз өміріңді қабылдап, бағалай білуде.
Сабина Бекболат, 11-сынып оқушысы





















































