Оралов Нұр-Сұлтан қоғамдық көліктерін қашан аралайды?

0
169
Асхат Оралов.

Ел астанасында таңертең және кешкі уақыттарда қоғамдық көлік лық толы болады. Қызыл аймақта тұрған қала тұрғындары үшін бұл қауіпті екені белгілі. Осы мәселені шешу үшін әкімдік не істеп жатыр? Бұл сұрақты Қазақньюс тілшісі сейсенбі күні өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Асхат Ораловқа қойды. 

“Әрбір қоғамдық көлікте түсіндіру видеолары қойылады. Елорда тұрғындарын карантин шараларын сақтауға шақырамыз. Бұл сұрақты енді міндетті түрде қадағалауымызда болады”, – деді әкім орынбасары. 

Оралов қоғамдық көлікке мінген қала тұрғындары мен қонақтары ережені сақтауы тиіс дейді. Алайда таңғы және кешкі уақыттарда халық автобусқа зорға сыяды. Мұндай уақытта ара қашықтық туралы әңгіме айтудың өзі әбестік.

Журналистің “қаланың эпидахуалына жауапты ретінде қоғамдық көлікке соңғы рет қашан міндіңіз” деген сұраққа әкім орынбасары “қажет болған жағдайда мінеміз” деп жауап берді.

Асхат Оралов Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары қызметіне биыл 12 шілдеде тағайындалған. Әкімдік сайтында оның міндеттерінің қатарына “санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылықты қадағалау” кіретіні жазылған.  

Қазіргі уақытта астанада күн сайын 300-ге жуық адамнан коронавирус анықталып жүр. Қала әлі қызыл аймақта.

Абдіманап КЕҢЕС

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз