“Sanaly Urpaq” сыбайлас жемқорлыққа қарсы

0
130

27 қараша күні Алматыдағы Сүлейман Демирел университетінде «Sanaly Urpaq» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсесінің тұсаукесер рәсімі өтті.

Жиынға Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев, СДУ президенті Мейірбек Мажитов, Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев және Алматы облысына қарасты колледждер мен мектеп директорлары қатысты.

Жоба барысында департамент пен университет арасында меморандумға қол қойылды.

“Азаматтардың негізгі өмірлік ұстанымдары мен адами құндылықтары жастық шақта қалыптасатыны ескере отырып, “Sanaly Urpaq” жобасы облыс аумағында іске қосылуда. Жобаны іске асырудың негізгі бағыттары сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, білім беру ұйымдарының ашықтығы мен академиялық адалдық, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларға талдау жасау және ақпараттық қолдау болып табылады”, – деді Серікбай Нұрғисаев.

Айта кетейік, университет басшылығы жобалық кеңсенің ашылуын “Sana Talks” форматында ұйымдастырды.  «Sana Talks» қатысушылары жемқорлық мәселесіне қатысты өз көзқарастарын білдірді. Алдын алуға деген ұсыныстар да айтылды. Мысалы, халықаралық студент пен отандық туристер арасындағы қарым-қатынас сөз болды. Шетелдік туристерді қарсы алу мен қолдау көрсету бойынша арнайы бағдарлама жасау ұсынылды.

СДУ президенті Мейірбек Мажитов:  “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” дегендей, бала тәрбиесі мектеп пен университет қабырғасында қалыптасады. Болашақ азаматтың дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын, қоғаммен қарым-қатынасын үйдегі ата-ана мен білім ошағындағы ұстаздары қалыптастырады. Сондықтан, жастарды тәрбиелеу жұмысына баршамыз қатысуға міндеттіміз. Әр оқу орны үшін ең басты қағида – сапалы білім болуы тиіс. Біздің міндетіміз – қоғамдық дертке айналған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жүргізу, ортақ әдіс-тәсілдерді енгізіп, жастармен жан-жақты жұмыс жасау. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деп бұл бағытта екіжақты серіктестік орнатып, маңызды жұмыс атқарарымызға сенімдімін”, – деді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз