Шымкентте алаяқтардың сall-орталығы анықталды

0
47
photo: regnum.ru

Шымкент полицейлері алаяқтардың сall-орталығын анықтады. Кеңседе 561 адамның анкетасы табылды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Интернет-алаяқтар туралы арызымен полицияға Абай ауданының тұрғыны жүгінген. Арызданушының айтуынша, оған белгісіз нөмірден ер адам қоңырау шалып, құны 12 млн теңгені құрайтын жаңа Hyundai Accent автокөлігін ұтып алғанын хабарлап, құттықтаған.

Қоңырау шалушы өзін тұтынушылар арасында ұтыс ойынын өткізіп жатқан желілік компанияның қызметкері ретінде таныстырған. Оператор жеңімпазға басты ұтысын алу үшін белгілі бір сайт арқылы оның көрсеткен шотын толтыру қажеттігін айтқан. Осылайша сенгіш азамат 4 млн теңгеден астам шығынға ұшырады.

Аталған жайт бойынша тергеушілер іс қозғап, қылмыскерлерді Тараздан тапқан. Бұл қала аумағында жедел уәкілдер олардың “кеңсесін” анықтаған. Нәтижесінде сегіз адамнан тұратын киберқылмыскерлер тобы ұсталды. Арасында ең үлкені – 28 жаста, кішісі – 18 жаста.

Ұсталғандардың барлығы бұрын түрлі желілік дүкендердің call-орталықтарында оператор қызметін атқарғандары анықталды. Жұмысқа арналған орынды топ бизнес-орталықтардың бірінен жалға алған. Кеңседен 19 мобильді құрылғы, 13 ноутбук, жалған құжаттарды басқаруға және ақша қаражатын есептеуге арналған жүйелік блок, жәбірленушілермен сөйлесуге арналған жадынама және 561 адамның анкеталық тізімі табылып, тәркіленді.

Қазіргі таңда қалалық полиция департаменті алаяқтық топтың арбауына алданған басқа да тұлғаларды анықтауға бағытталған іс-шараларды жүргізіп жатыр. Тәртіп сақшылары жәбірленушілердің тек Шымкентте ғана емес, бүкіл ел бойынша болу ықтималдығын атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз