Түркістан облысында судан зардап шеккендерге 100 мың теңгеден беріледі

0
124
Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы. Photo: primeminister.kz

Түркістан облысында судан зардап шеккен тұрғындарға өтемақы беріледі, тұрғындардың бір бөлігі көшіріледі. Сәрсенбі күні су басқан елді мекендерді аралаған үкімет комиссиясы осындай шешім қабылдаған. Бұл туралы премьер-министр сайты хабарлады.

“Мемлекеттік комиссия су басқан ауылдардың әр тұрғынына 100 мың теңгеден өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады. Мырзакент төңірегінде Достық, Жаңа тұрмыс және Жеңіс ауылдарының тұрғындары қоныс аударатын жаңа шағын аудан салынады” делінген сайтта.

Сайттағы ақпаратқа сәйкес, су басқан Фирдоуси және Өргебас ауыл тұрғындарына үш түрлі ұсыныс айтылған: биліктің көмегімен басқа жаққа көшу немесе ауылда қалып, үйлерін жөндеткізу немесе үкімет аударған қаржыға өз бетімен үйлерін жөндету. Билік өкілдері сонымен бірге тұрғындарға су шайып кеткен егістік пен мал шығынын өтеуге уәде берген.

1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы ауылдарды су шайып кеткен. 1 мамыр түнде Сардобаның суы Қазақстанның оңтүстігіндегі, қазақ-өзбек шекарасында орналасқан Абай каналына жетіп, Мақтарал ауданындағы бірнеше ауылды су алған. Осыдан соң Мақтарал ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, Мақтарал ауданында 14 ауылдың 31 мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланған. 845 үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ғимараты мен мәдениет үйі және 54,7 км көпір мен жолды су алған. Бұдан бөлек, 7639 гектар егістік су астында қалған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз