Қазақ жұртында “ұят болады” сөзі бұрыннан маңызды орын алған. Бұл сөз адамдарды жаман қылықтардан сақтануға, дұрыс жолға бағытталуға арналған тәрбие құралы болған. Алайда қазіргі таңда “ұят” түсінігі тәртіптен гөрі шектеуге айналып бара жатқандай. Осы орайда “ұят” бізді қорғай ма, әлде шектей ме? деген сұрақ туындайды.
Бір жағынан, “ұят” — қоғамды реттейтін маңызды тәртіп құралы. Ол адамды тәртіпке, жауапкершілікке, әдептілікке үйретеді. Ұят бар жерде адам өз әрекеттерін ойланып істейді, басқа жандарға зиян тигізіп алмауға тырысады. Сондықтан осы ұғымның көмегімен біз қоғамдағы үйлесімді сақтай аламыз.
Алайда кей жағдайларда бұл сөз қысым көрсетудің құралына айналады. Көп адамдар өз қалауын емес, “ел-жұрт не дейді?” деген ойды бірінші орынға қояды. Әсіресе қыз балаларына қатысты бұл түсінік жиі шектеу ретінде қолданылады. Соның салдарынан адам өз ойын еркін айтуға, қалаған киімін киюге, өз жолын таңдауға қорқады.
Күнделікті өмірден бір мысал алайық. Қыз баласының қателесуі көбіне ұят саналады. Бір нәрсе дұрыс болмаса, қыз бала қатты сынға ұшырайды, және ол сын көбіне “қыз баласы бола тұра…” деген сөз тіркесінен басталады. Кейін оның әрекеті емес, жынысы мін ретінде бағаланады. Ал дәл осы қателікті ер бала жасаса, “түк емес, үйренеді”, “тәжірибе жинайды” деп жұмсақ көзқарас танытылады. Бұл көзқарас қыздардың қателесуге, тәуекел етіп көруге деген батылдығын тежеп, қорқыныш тудырады. Нәтижесінде олар жаңа бастамалар мен мүмкіндіктерден қашады. Бұл — “ұят” ұғымының тәрбие емес, қысымға айналуының айқын көрінісі.
Осы тұста біз ұят пен ар-ожданның айырмасын ажырата білуіміз керек. Ар-ождан — адамның ішкі санасынан, жеке түсінігінен туындайды. Ал “ұят” кейде қорқынышқа негізделіп жатады. Адам әрбір істі ұяттан емес, өзі дұрыс деп санағандықтан жасаса, сонда ғана ол әрекет шынайы тәртіпке айналады.
Сондықтан қоғамда “ұят” түсінігі толығымен жойылуы керек деу — қате. Бірақ оны шамадан тыс қолдану әлдеқайда қауіпті. Ұят адамға тұсау салмауы тиіс, тек тәрбиелеуі керек. Тепе-теңдік сақталған жағдайда ғана бұл ұғым өз пайдасын әкеле алады.
Қорытындылай келе, “ұят” — әрі шек, әрі тәртіп бола алады. Ол ақылмен, санамен қолданылса — қорған, ал қысым ретінде қолданылса — шектеу. Ең бастысы, адам өмірде әр қадамы мен әр әрекетін ұялғаннан немесе қорқыныштан емес, түсінік пен жауапкершілікке сүйеніп жасауы керек.
Толғанай Темірханова
11-сынып оқушысы





















































