Әлиев пен Пашинян соғыстан кейін алғаш рет Мәскеуде жолықты

0
418

Кремльде Ресей мен Әзербайжан президенттері Владимир Путин мен Ильхам Әлиев және Армения премьер-министрі Никол Пашинянның үшжақты келіссөзі өтті. Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады.

Ильхам Әлиев пен Никол Пашинян бір-бірін көрген кезде қол алыспай тек ауызша амандасты.

Әлиев пен Пашинянның кездесуіне себеп болған Путиннің делдалдығы. Келіссөздер Таулы Қарабақтағы жағдайды реттеуге арналған.

Кремльдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар Таулы Қарабақ бойынша үш ел басшысының 2020 жылғы 9 қарашадағы мәлімдемесін іске асыру барысын қарап, өңірдің проблемаларын шешу жөніндегі және одан арғы қадамдарды талқылауды жоспарлаған. Соғыс салдарынан зардап шеккен аудандардың тұрғындарына көмек көрсету, сондай-ақ сауда-экономикалық және көлік байланыстарын ашу және дамыту мәселелеріне ерекше назар аударған.

Ресей басшысының айтуынша, жақын арада келісімді жүзеге асыру жоспарын үш елдің вице-премьерлері әзірлейді. Сонымен қатар, олар тәуелсіз сарапшылардан құралған топ құрады.

2020 жылдың 9 қарашасында Путин, Әлиев және Пашинян Таулы Қарабақтағы әскери операцияларды толығымен тоқтату туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Құжатта бірқатар аудандардың Баку бақылауына өтуі және ресейлік бітімгерлерді орналастыру қарастырылған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз