Жыл қорытындысы: Шартарап

0
53
дереккөзден

Зымыраған уақыт көшіне ілесіп, мәресіне жетіп қалған 2017 тауық жылы жаһан үшін маңызды оқиғалар тізбегінің көшін жалғастырған әлеуетті жайттармен есте қалып, ақырын жылыстап барады. Жыл қорытындысы нені ойға салады? Өткен-кеткенге қорытынды жасап көрсек.

АҚШ-та жаңа басшы

дереккөзден

2017 жылдың қаңтарында әлемдегі ірі держава саналатын АҚШ -та президент ауысты. АҚШ-тың 44-ші сайланған президенті Барак Обамадан кейін билікке америкалық мемлекет қайраткері, саясаткер және кәсіпкер Дональд Трамп келді. Трамптың билікке келуі шусыз болмады. Президент лауазымына сайланғаннан кейінгі келесі күні атап айтқанда 21 қаңтарда Вашингтонда жаңа президдентке қарсы «Әйелдер маршы» шамамен жарты миллион адам жинады. Трамп президентікке өзінің өзгеше жаңа нормаларымен келді деп айтуға әбден негіз бар. Мәселен, 23 қаңтарда АҚШ-тың жаңа президенті Транс тынық мұхиттық сауда серіктестігіне қатысудан бас тарту туралы қаулыға қол қойса, 25 қаңтарда Трамп Мексикамен шекараға қабырғалар құрылысын бастау туралы жарлықты бекітті. Ал 27 қаңтарда АҚШ президенті ел аумағына 7 мұсылман мемлекеттері (Сирия, Йемен, Ирак, Судан, Ливия, Сомали) азаматтарының кіруіне уақытша тыйым салды. Д. Трамп жасап жатқан жаңа саясат жаһанда ауқымды резонанс тудырса да, әліптің артын баққандар көп. Дегенмен, қарашада АҚШ Конгресіндегі демократтар ел президенті Дональд Трампқа импичмент жариялау мәселесін көтерді. Бұған дейін маусым айында демократ Брэд Шерман мен Эл Грин президент Ресеймен тергеуге кедергі келтірді деп импичмент жариялауды ұсынған еді.
Трампқа импичмент жариялана ма, АҚШ саясатында тағы қандай дүмпулер орын алатыны келер жылдың еншісіне қалып тұр.

Сирия мәселесі бойынша Астана процесі

2017 жылдың 23-24 қаңтарда Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласында Сирия мәселесі бойынша тұңғыш Астана процесі өтті.Астана процесін өткізу туралы идеяға бастамашы болған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Атап өтерлігі, бұл Дамаск делегациясы мен қарулы оппозиция өкілдерінің бір келіссөздер үстеліне отырған алғашқы жағдай. Бүгінде келіссөздердің 8 раунды түйінделді. Айтарлықтай нәтижелері де жоқ емес. Мәселен, Сирия аумағында деэскалация аймақтары құрылып, деэскалация аймақтарының құрылуы нәтижесінде «Әл-Каидамен» байланысы бар ИГИЛ, «Джабхат ан-Нусра» т.б ұйымдар, топтармен күресте қарқын байқалды, сонымен қатар кепіл елдердің ортақ мәлімдемесі жасалып (Иран, РФ, Түркия) бірқатар сенім шаралары аталды. Сирия келіссөздерінің келесі 9 раунды Астанада 2018 жылдың ақпан айына жоспарланған.

Астанадағы Халықаралық EXPO-2017 мамандандырылған көрмесі

дереккөзден

2017 жылы Қазақстан астанасы Астана қаласында халықаралық мамандандырылған EXPO-2017 халықаралық көрмесі өтті. 3 айға созылған көрме National Geographic журналының шешімімен, Астана «Болашақ қаласы» аталымын жеңіп алған және New York Times газетінің мәліметінше, Қазақстан саяхаттап баруға болатын лайықты елдер тізіміне енген. Көрменің басты кешені «Нұр Әлем» сферасын салуға 13 мың тонна металл қажет етілсе, халықаралық мамандандырылған көрмесін тамашалауға келуші қонақтар саны 3 миллион 860 мың адамнан асқан.

Ендігі Халықаралық мамандандырылған EXPO-2023 көрмесінің тізгіні Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында.

Солтүстік Корея әлем назарында

дереккөзден

2017 жылдың 4 шілдесінде Солтүстік Корея өзінің тұңғыш құрлықаралық баллистикалық зымыранын сынағанын жария етті. Бұл әлемдік кеңістікте үлкен дүмпу туындатқан еді. Бұған дейін 2016 жылы Пхеньян өз тарихында ең күшті атом бомбасын сынаған. Солтүстік Корея алғашқы баллистикалық зымыранын сынғаннан кейін Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин БҰҰ ҚК-ні солтүстік кореялық сынақтарға қатысты, шұғыл шаралар қолдану керектігін алға тартса, АҚШ президенті Дональд Трамп Жапония мен Оңтүстік Корея мұндай бассыздыққа жол бермейтінін, ал Қытайға Солтүстік Кореяға қарсы шара қолдану қажеттігін айтып бастама көтерді. Ал қарашада КХДР құрлықаралық «Хвасон-15» баллистикалық зымыран сынағының табысты өткенін жариялады. «Хвасон-15» зымыранының құлау аумағы  АҚШ-тың барлық территориясын қамтыған. Ал Жапония ядролық қаруды дамыту үшін КХДР-ға қарсы санкциялар енгізетіні туралы мәлімдеді. Өз кезегінде АҚШ президенті Д. Трампта қалыс қалмай қарашада Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкциялар енгізілетінін мәлім етті. Санкциялардан көз ашпаған КХДР -ға БҰҰ-да салмақты санкция салды. Тіпті желтоқсанда БҰҰ ҚК КХДР-ға қарсы санкцияларды күшейткендерін мәлімдеді, ал КХДР тарабы болса, БҰҰ ҚК-нің жаң қарарын «соғыс актісі» деп қабылдайтындарын мәлім етті. Д. Трамп пен Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынның өзара қырқысы да 2017 жылы әлемдік БАҚ-ты біраз шулатқан еді.

Жаһанды жарға жыққан лаңкестік әрекеттер

дереккөзден

2017-де жаһан лаңкестік әрекеттердің де құрбанына айналды. Қаңтарда Түркияның Стамбұл қаласындағы «Reina” түнгі клубындағы лаңкестік әрекет кесірінен 39 адам қаза тауып, 69 жараланған. Стамбұл губернаторы Васил Шахин аталған жайтты «лаңкестік әрекет» деп жариялады. Сәуірде Петербургтағы метрополитенде орын алған лаңкестік әрекеттен 103 адам зардап шегіп, 16 көз жұмды. Мамырдың 22-де АҚШ-тың Манчестер штатындағы «Манчестер Арена» стадионында орын алған лаңкестік әрекет салдарынан 23 адам қаза тауып, 120 адам жараланды. Алаңға жарылғышты «ИМ»* террористік ұйымының содыр-жанкештісі әкелгені анықталды. Маусымның 1-де Филиппин астанасында белгісіз ер адам Resorts World Manila қонақ үй кешенінде демалушыларға оқ атып, орын алған лаңкестік әрекеттен 30-дан аса адам көз жұмды. Жылдың ең ірі лаңкестік әрекеті қарашаның аяғында Мысыр Араб Республикасының Синай провинциясындағы мешітте болды. Мәліметтерге сәйкес, мешітке 30-ға жуық лаңкес шабуыл жасаған. Қылмыскердің бірінде “ИГИЛ” лаңкестік тобының туы болғаны расталды. Үлкен лаңкестік әрекет салдарынан 305 адам қаза тапты.

Мьянмадағы қан төгіс

дереккөзден

2017 жылғы текетіреске толы оқиғалардың бірі Мьянмада орын алды. «Мұсылмандар геноциді» деген атау алып, жаһаннан өзге әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырған жағдай Мьянмада тұратын рохинджа мұсылмандарының тарыдай қырылуы еді. 25 тамыз күні Ракхайн штатында жауынгерлік топтар 26 полиция бөлімшесіне және әскери базаға шабуыл жасаған. Аталған шабуылдар нәтижесінде Мьянманың қауіпсіздік күштерінің 59 қызметкері және 12 жауынгері қаза тапты. Жауап ретінде үкімет бұл жағдайға байланысты қауіпсіздік операциясын жүргізді. Нәтижесінде, 125 мың рохинджалық 25 тамызда Мьянманың солтүстігінде Ракхайн штатында басталған зорлық-зомбылықтан кейін Бангладеште бау сауғалауға мәжбүр болды. БҰҰ-на аталған операцияларды жүргізу барысында адам құқығының өрескел бұзылғаны туралы ақпар келіп түскен. Мәліметтерге сәйкес, «Шексіз дәрігерлер» (Médecins Sans Frontières, MSF) хлықаралық ұйымның зерттеу нәтижелері бойынша 25 тамыз бен 24 қыркүйек аралығында Мьянмада 9 мыңға жуық рохинджалық азамат көз жұмған.

Сауд Арабиясындағы ханзадалар айқасы

дереккөзден

5 қараша әлем назары Сауд Арабиясына ауды. Себеп, Сауд Арабиясындағы Король әулетінің бірнеше мүшесі, сондай-ақ бұрынғы және қазіргі мемлекеттік шенеуніктердің тұтқындалғаны белгілі болды. Тұтқындауға себеп – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шеңберінде жүргізілген операция. Сауд Арабиясының бұқаралық ақпарат құралдары таратқан ақпарға сәйкес жексенбіге қараған түні 1 ханзаданың, 4 қызметтегі министрдің және 10-ға жуық бұрынғы министрлердің тұтқындалғанын мәлім етті. Дәл осы жылы Сауд Арабиясы елдегі жаңашыл реформалармен жаһанды таң қалдырғаны да жасырын емес.Биылғы жылдың маусымында Сауд Арабиясы Королі алман ибн Абдул Әзиз әл Сауд өз нұсқауымен мұрагер ханзаданы ауыстырып, орнына 32 жастағы ұлы Мұхаммед бен Салманды тағайындаған еді. Мұрагер ханзада Мұхаммед бен Салман өзінің өзгеше көзқарастарымен ықпалды фигуранттар қатарында болды деп айтсақ та қателеспейміз. Ханзаданың жүргізген реформалары мен тың әрекеттері әлем назарында болғаны сонша, Time журналының «Жыл адамы-2017» аталымында өзге әлемдік көшбасшылар, әртістер мен белсенділерден озық шықты. Қазан айында әлемдегі ірі мұнай өндіруші және экспорттаушы Сауд Арабиясы күн және жел қуатымен толық қамтамасыз етілетін әрі Азия мен Африка елдеріне арналған технологиялық хабқа айналатын шөлдегі Неом (Neom) мегаполисінің құрылыс жоспарын таныстырса, Эр-Риядта ашылған шетелдік инвесторлар үшін өткізілген форумда мұрагер ханзада Мұхаммед бен Салман Сауд Арабиясының астанасы әлемге ашық түрде Исламды қалыпты етуге ниетті екенін жариялады. Бұдан өзге Саудияда әйелдерге қатысты тың реформалар да 2017-де орын алды. Мәселен, аталған жылы әйелдерге көлік тізгіндеуге рұқсат берілді.

Әлем елдері билігіндегі ауыс-түйіс

дереккөзден

15 қазанда Қырғызстан Республикасында президент сайлауы өтіп, нәтижесінде Орталық сайлау комиссиясының мәлімдемесіне сәйкес 97%-дан астам дауыспен Қырғызстан социал-демократиялық партияның бұрынғы премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков жеңіске жетті. Қырғызстанның жаңа президентін ұлықтау рәсімі 24 қарашада болды. Қырғызстанның жаңа президенті өзінің алғашқы мемлекеттік сапарын Ресей Федерациясына жасады.

Биылғы жылы әлем билігінде бірқатар ауыс-түйістер орын алғаны айқын. Қаңтарда Д. Трамптың АҚШ президенті болып сайлануынан өзге Венгрия Республикасының президенті болып биліктегі Янош Адер қайта сайланды, Оңтүстік Осетиядағы президенттік сайлау барысында жеңіске жеткен Анатолий Библов болса, Никарагуа президенті болып төртінші рет Даниэлб Ортега сайланды. Моңғолия президенті болып самбодан әлем чемпионы, Демократиялық партия кандидаты Халтмаагийн Баттұлға сайланса, Үндістанда жаңа президент ретінде Рам натх Ковинд сайланды.

Иерусалим мәртебесі

дереккөзден

АҚШ президенті Д. Трамптың кезекті шешімі әлемдік аренада үлкен резонанс тудырды. 6 желтоқсанда Трамп ресми түрде Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде танитынын мәлімдеді. АҚШ президентінің пікірінше «бұл тарихи шындықты да, замануи шындықты да мойындау» . Бұдан өзге Д. Трамп Израильдегі Америка елшілігінің Тел-Авивтан Иерусалимге көшірілетінін де мәлім етті. Өз кезегінде Трамптың аталған шешімін Израиль әділ және тарихи дұрыс қадам деп атаса да, әлемдік қауымдастықта бұл шешім үлкен сынға ілікті. Трамптың шешімі туралы палестиналық топ «Тозақтың қақпасын ашқанмен тең» десе, Түркияда АҚШ президентінің шешіміне қатысты қарсылық акциясы орын алды. АҚШ эксперттері “Трамптың шешімі террористерді жинау құралы” десе, БҰҰ Иерусалимнің мәртебесі мәселесі Израиль және Палестина тарабының резолюциясы негізінде шешілуі керек деген пікір білдірді. Бірқатар Араб елдері де Трамптың шешімін айыптады. 19 желтоқсан БҰҰ отырысында Мысырдың барлық мемлекеттерді «Қасиетті Иерусалим қаласында елшілік өкілдіктерді ашпауға» шақырған АҚШ-қа қарсы қарарына БҰҰ ҚК-нің 14 мүшесі дауыс берген. АҚШ делегациясы АҚШ президенті Дональд Трамптың Иерусалимді Израильдің астанасы деп тану туралы шешімін айыптауға шақырған Мысыр қарарына вето қойды. Иерусалим мәртебесі де келер жылдың еншісіндегі ең өзекті мәселе болып, жаһан назарында болары анық.

Cабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз