Ауыл шаруашылығы – Қазақстанның сарқылмас «екінші мұнайы» болуы қажет – кәсіпкер

0
117

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз  болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз.» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі. 

Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр.  

Осыған орай, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуде ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.

Құс шаруашылығы тез дамитын, әрі тиімді сала. Бұл шаруашылықтың басты ерекшелігі – құстың жұмыртқасы мен еті. Қазіргі таңда экологиялық таза құс өсіру шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қатары артып келеді. Солардың бірі – бірнеше жылдан бері әртүрлі құс тұқымдасының ерекшелігін зерттеп, үй жағдайында оларға қалай күтім жасау керек екендігін жақсы үйренген алматылық кәсіпкер Ғафу Болатұлы Көшербаевпен сұхбаттасқан едік.

Ғафу Болатұлы Көшербаев 1975 жылы Алматы облысының Талғар ауданы, қазіргі Тұздыбастау ауылында дүниеге келген. Сонда орта мектепті бітіріп, 1992 жылы бұрынғы Алматы зооветеринарлық институтының (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті) Ветеринария факультетін тәмамдаған. Ол түрлі қиындықтарға қарамастан құстарға мейлінше қолайлы жағдай жасап, қолындағы барымен органикалық таза табиғи өнімдер шығарып жүр. 

– Құс шаруашылығы өз мамандығыңыз ба, әлде атадан қалған сүйікті іс пе?

– Институтты бітірген соң Алматыда орталық ветеринарлық ет-сүт өнімдерінің сапасын тексеру лабораториясында 5 жылдай жұмыс істедім. Бойда күш-қуат асып-тасып тұрған жас кезімде түрлі кәсіппен айналысып көрдім, құрылыс пен көлік саласында да жұмыс істедім. Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылдық округінде атам мен ауылдастарының жер пайы бар. Сосын Талғар әкімшілігінің бос жерлерін конкурстан жеңіп, сол жерге 8 жыл бұрын шаруа қожалығы (фазенда) салдым. Онда Кеңес үкіметі кезінде жарық-суы бар жақсы ғимарат болған. Кейіннен бәрі талан-таражға түсіп, жарамсыз күй кешті. Сол жерге қайтадан құрылыс жүргізіп, үй мен ғимараттар салып, тіршілігімді бастап кеттім. Атам 1930 жылдардан бастап колхозда қызмет еткен, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан оралған соң зоотехник болған. Колхозды басқарып, төрт түлік мал өсірген. 

Мен ірі-қара да бақтым, бұзаулар алып, бордақыладым. Жайылым жерім болғандықтан адам жалдап, құс шаруашылығымен айналыссам деген ой келді. Алғашында қораларым дайын болмай тұрған кезде үйіміздің бір бөлмесінде құстарға тор әзірлеп, бройлер балапанын бағуды бастадық. Олар ақырындап 100, 200 бас болып, көбейе бастады. 50-60 күннен кейін балапандардың салмағы 1,5-2 кг болып, етке дайын бола бастайды. Кейіннен бөлек кіші қора салып, бройлер балапанын сонда асырадық. Таза органикалық жұмыртқа өндіру мақсатында 50 тауық алып, баға бастадым. Олар өсіп, жарты жыл дегенде жұмыртқа бере бастады, саны да 150-200 бас тауыққа жетті. Осылайша, құс шаруашылығы сүйікті ісіме айналып кетті… Сонымен бірге құлпынай өсіруді де қатар алып жүрміз.

– Шаруашылығыңызда құстардың қандай түрі бар, саны қанша?

– Құстың түр-түрін бағып көрдім. Күркетауық (үндік), бройлер тауығы, бөдене құсы т.б. Оларды өсірудің де өз құпиясы бар. Мысалы, біз білетін далада өсетін күркетауықтар –бройлер емес. Олар жәй үй күркетауығы, далада өз азығын өзі тауып жейді. Салмағы да 5-6 кг аспайды. Ал бройлер күркетауықтың салмағы 20-25 килограмға дейін ет беретінін білемін. Оның 100 басқа дейін балапанын сатып алдық. Кәсіпкерлер күркетауықтың жұмыртқасын шетелден әкеліп, балапандарын шығарып, тәуліктік балапандарды біз секілді кәсіпкерлерге сатады. Біз олардан алып, алақанымызда аялап бағамыз. Өйткені кішкентай әрі өте нәзік келеді. Олардың тұратын жерін таза ұстап, температурасы мен жарығын қадағалап, желдің өтінен сақтау керек. Сондай-ақ тұмсықтары сынбас үшін жейтін астауы да жұмсақ болуға тиіс. Алдыңғы рекорды ретінде аталықтары 18-21 кг ет берсе, ұрғашылары 14 кг ет берді. Нәтижеcі жақсы болды.

Ең көп ұстаған құсымыз – бройлер тауығы, саны 1500 бас. Орта есеппен 700-1000 басасыраппыз. 2 ай сайын сойып, етін сатуды жоспарладық. Алған күннен бастап 2 ай бақтық, орташа есеппен етінің салмағы 2-2,5 кг жеткенде сатуға шығардық. Ойлағанымдай болмады,сатушы қажет екен. Жәрмеңкелерде де сатып көрдік, 8 күнге 20 мың теңге. Орын бар, бірақ онда жағдай мәз емес. Қыс мезгілінде құс өнімдері бұзылмайды. Ал күн ыстық мезгілде өткізу қиын. Тоңазытқыш пен мұздатқыш болу керек. Өнімді өткізу жоспары бойынша айына 700-800 бас сатсақ, орта есеппен 2 айда сойылатын құстың саны 1500 болу  керек деп есептеп, бройлер тауығын ұстаған жайымыз бар. Шаруа қожалығымызда тоңазытқыштар бар. Өнімдерді тасуүшін рефрижаторлық көліктер арқылы дүкендерге апару керек. Сондай-ақ, сату орындары даөнімді сақтау ережелерін білуге тиіс!

Күркетауық, немесе бройлер тауығы болсын өніміміз таза органикалық болғандықтантұтынушылар қымбатырақ болса да бағасына қарамай ала береді. Клиенттеріміз апта сайын алып тұрды. Күркетауық, бройлер тауығы мен бөдене бақтық. Бұлардың бәрі жайылатын құс емес, өз азығын өзі тауып жей алмайды. Содан ойланып көрдім де қаз алдым. Қаздыңбалапандарын бір немесе бір жарым ай көлге жібереміз. Оларға шомылуға арналған жасанды көл, скважина жасадық. Сосын бір жарым айға дейін суға жібермей таза жем, су мен дәрумендер беріп бағамыз. Кейін далаға шығара бастаймыз. Қаз – қазақтың төрт түлік малысекілді жайылып жүретін құс. Басқа құстардың еті ақ болса, ал қаздікі қызыл. Дәмі керемет, сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Тұздап, сүрлеп қойса да болады. Ет асқанда жылқы, сиыр етімен қосып ассаң да дәмі жақсы, сүйсініп жейсің. Еті барлық тағамға жарайтын бұл құс – ауруға да төзімді. Желдің суығы тимесе болды, жәй қорада да жата береді. Қыстыгүні қарғашомылады, жаздыгүні тоғанға. Алғашқы қар жауғанда май жинап, ет ала бастайды. Оның етіне Жаңа жылда сұраныс артады, сойып сатамыз.  

Үйрек те бағып көрдік. Бұл далада шомылып жүретін құс, бірақ қаз сияқты азығын өзі тауып жемейді. Әлде біздің  тоғанда басқа шөп өсе ме, білмедім. Орыстардың айтуы бойынша, «ряска» дейтін шөбі болады. Бұл шөп түрі ұзақ жылдар қалыптасқан көл жағасында өсетін көрінеді. Байқауымша, бұл құстың шығыны көп, жемді молынан жейді. Үйректің де түрлері бар, етін тағам жасауға қолданады. Мысалы, пекин үйрегі т.б.

– Бөдене шаруашылығымен қашаннан бері айналысып келесіз?

– Бұл құс түріне де қызығып, бағып та көрдім. Өзі кіп-кішкентай болса да, еті мен жұмыртқасы да мың түрлі дертке дауа. Адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды. Бөденені екі жылдай  бақтық. Нәтижесі жаман болмады. Оның жемі мен еті таза болды, ешқандай дәрі бермедік. Бір-екеуі шетінеп өліп қалса ештеңе етпейді, онша ауыра бермейтін құс. Бастысы температурасы мен тазалығы маңызды. Таза жем жеп, таза су ішеді. Қолдың тауығы туғаннан бастап 6 айдан кейін жұмыртқаласа, бөденелер екі-ақ айдан кейін. Бұл мен үшін қызықты болды. Олар жұмыртқаны өте көп мөлшерде туады. Оларды өткізу үшін клиент көп іздедік, кейіннен табылды…

– Олардың жем-шөбін қайдан аласыз?

– Құс балапандары шөпті емес, жемді көп жейді. Күркетауықтар салқын күндері де далада жайылып жүреді. Бірақ, бұлардың салмағы үлкен бройлер тұқымды болғасын ауылдағыүндіктер сияқты емес, құрт-құмырсқа мен шегіртке ұстап жей алмайды. Сондықтан оларға жемін беру керек. Жемнің құрамында ең бастысы бидай, арпа, жүгері, кебек және күнжара (шрот) болады. Күнжара – дәні майлы өсімдіктерден майы сығылып алынғаннан кейін қалатын мал азығы. Әсіресе, соя күнжарасында ақуыз майы мен кальций фосфат дәрумен қоспаларының үлесі көп. Қоянқұс ауылының төменгі жағында құрама жем (комбикорм) зауыты бар.«Комбиснаб» мал азығы дүкенінен тұрақты  түрде алып тұрамыз. Малды қолдан үстеме жемдейміз (подкормка). Жас жоңышқа мен гүлдеп тұрған жас шөпті турап береміз. Тамақ қалдықтары мен жеміс-жидек, көгөністер мен қауын-қарбыздарды шұқып  жеп жүреді. Құстар шырынды нәрсені жақсы жейді. Шаруашылығымызда экологиялық таза, химиялық қоспасыз әрі гормонсыз жемдер қолданамыз. Далаға жайылмай, қораның ішінде өсетін құс – бройлербалапаны мен бөдене. Күркетауық, қаз, үйректер күннің астында жайылып, емін-еркін жүретін құстар. 

– Құс өнімдерін қалай өткізесіз, экпорттала ма және қандай сату жолдарын қолданасыз?

– Еліміздің құс фабрикалары таза жеп-шөппен өсірілетіндіктен, өндірілетін жұмыртқалар мен тауық еті де сапалы әрі табиғи өнім болып есептеледі. Қазақстан құс пен мал етін аз мөлшерде болса да Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Иран, Ауғанстан, Қытай мен Парсы шығанағы елдеріне экспорттайды. Өйткені бұл елдер санитарлық талапты қатаң қадағалайды. Әсіресе, қозы етін жақсы алады. Біз секілді шағын әрі қарапайым шаруа қожалықтарының экологиялық таза қол өнімі мен үй құстары экспорттала ма, жоқ па білмедім. Ол үшін тапсырыс берушімен келісімшарт жасап, тауарды үздіксіз жеткізіп тұру жөнінде міндеттемелер аласың. Мысалы, олар ай сайын тапсырысын күтеді. Ал, әзірге біздің шаруа қожалығымызда үлкен мөлшерде экспорттайтын өнім жоқ. 

– Кәсіпкерлерге қолдау ретінде мемлекеттен көмек алдыңыз ба?

– Ауылшаруашылықпен айналысқалы бері Талғар ауданының әкімдігіне субсидия, несие мәселесі бойынша бірнеше рет бардым. Көмек алу үшін шаруашылық жылына 220 тонна ет өндіруі керек екен. Ал, біз ондай көлемде өнім өндірмейміз. Демеуші іздеп те көрмеппін, оның орнына несие алып, оны өтеп, шаруашылығыма пайдаланғанды жөн санаймын. Тынбай еткен еңбектің арқасында өз қаражатымызбен шаруашылығымызды дөңгелетіп келеміз.

– Құс шаруашылығымен айналысатындармен тəжірибе алмасасыз ба және қызығушылық танытып жүргендер бар ма?

– Өңірлерде құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен кездесіп, әсіресе ортақ чат арқылы тәжірибе алмасып тұрамыз. Иә, әсіресе дос-жарандар мен туысқандар қызығушылық танытып, сұрайды және өнімдеріміздің дәмін татып та көреді. 

– Қандай жетістіктеріңіз бар?

– Шаруашылығым жайлы «Аtamaken Business» телеарнасы келіп түсірілім жасап, сұхбат алды. Сондай-ақ үлкен ұлым «Оперившийся бизнесмен» деген тақырыпта газетке шықты. Ұлым ол кезде 8 жасында болатын. Оған балапандарды бағуды үйретіп қойғанмын. Ол мектептен келіп жем-суын беріп, құстарға қарауды ұнатады. Ұлымды мақтан тұтамын! Сондай-ақ, 2021 жылы «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының «Қажырлы еңбек – табыс кілті» жобасы аясында ауылшаруашылық саласы бойынша қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен тұлғалар арасында еңбегім бағаланып, электронды инфографика жарияланды және алғыс хатпен марапатталдым. 

  • Ғафу мырза, алда қандай жоспарларыңыз бар?

Түрлі үй құстары санын ұлғайта отырып, елімізді экологиялық таза құс еті және жұмыртқасымен қамтамасыз ету және отбасылық бизнесімді кеңейтіп, үлкен құс фабрикасына айналдырғым келеді… Меніңше, мұнай-газ таусылатын ресурс, ал ауыл шаруашылығы – Қазақстанның сарқылмас «екінші мұнайы» болуы қажет. Болашақта еліміз дамып, аграрлы ірі мемлекет болғай! 

  • Әңгімеңізге рақмет! Игі істеріңізге табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан Сабина КӘКІМЖАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз