Қазақстан мешіттерінің ауласында Ораза айт намазы оқылды

0
419
Нұр-Сұлтандағы Әзірет Сұлтан мешітіне Ораза айт намазына келген халық.

13 мамыр күні таңертең Қазақстан мешіттерінің ауласында Ораза айт намазы оқылды. Бірнеше күн бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы індетке байланысты айт намазын мешіт ауласында оқу туралы шешім шығарған.

Мүфтият мәліметінше, мешітке келушілер маска тағып келуі тиіс, намаздан кейін көп кідірмей үйлеріне тарауы керек деген болатын.

Жыл сайын мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы аяқталғанда Қазақстандағы барлық мешітте айт намазы оқылып, түрлі қоғамдық шаралар ұйымдастырылады. Айт мерекесінде әр отбасы дастарқан жайып, адамдар бір-бірін құттықтап, игі тілек тілеп, үйіне айттап келген мейманға арнайы әзірленген дәм ұсыну дәстүрге айналған.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлымен Ораза айт намазынан кейін дұға етіп отыр.

Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы журналистер сұрағына жауап беріп жатыр.

“Алла адам баласына аштық, індет, жоқшылық сияқты түрлі сынақ жібереді. Мұсылман қауымы да былтырдан бері сондай сынақпен бетпе-бет келді. Мешітте құлшылық жасай алмады. Былтырғы Ораза айт намазы да мешітте оқылған жоқ. Биыл аулада оқып жатырмыз. Бұған да шүкір. Індет әлі саябырсыған жоқ. Әр аймақтағы азаматтардан санитар дәрігердің айтқанын тыңдауға шақырамын. Айт күні көңілді жүрейік”, – деді бас мүфти Наурызбай Тағанұлы.

Бейсенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді Ораза айт мерекесімен құттықтады.

“Ораза айт әр адамның жүрегіне иман нұрын сеуіп, ізгілікке үндейді, жұртты жақсылыққа жетелеп, қоғамды игі істерге жұмылдырады. Сол арқылы халқымыздың береке-бірлігін нығайтып, ырыс-ынтымағын арттырады. Баршамыз айттан айтқа аман-есен жете берейік!” делінген президент Тоқаевтың құттықтауында.

Әзірет Сұлтан мешітіне Ораза айт намазына жиылған халық. Photo: S. Sheker

Өткен жылы ҚМБД пандемияға байланысты Ораза айт намазын оқу үшін мешіттерге жиналуға тыйым салған болатын.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз