Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы басталды

0
431

10 қаңтар күні таңертең сағат 8.00-де Қазақстанда Парламент мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауы басталды. Елдегі барлық 9994 сайлау учаскесі және шет мемлекеттердегі Қазақстан өкілдіктерінің жанындағы 17 сайлау учаскесі дауыс беруге кіріскен.

ОСК мәліметінше шетелдегі 49 сайлау учаскесі уақыт белдеулерінің айырмашылығын ескере отырып, дауыс беруге кіріседі.

Photo: Орталық сайлау комиссиясы.

Учаскелік сайлау комиссиялары сайлаушылардың өтініштері бойынша Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру құқығын беретін 10599 есептен шығару куәлігін берген. Осы есептен шығару куәліктері бойынша азаматтар бүгін келген жеріндегі кез келген учаскеде дауыс бере алады.

Нұр-Сұлтан тұрғыны қаладағы 58 сайлау учаскесінде дауыс беріп тұр. 10 қаңтар. 2021 жыл.
Нұр-Сұлтан тұрғыны қаладағы 58 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр. 10 қаңтар. 2021 жыл.

Мәслихат депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру құқығын беретін 11612 есептен шығару куәлігі берілген.

Бұл сайлау тізіміне 11 млн. 915 мың 903 сайлаушы енгізілген.

Елде ресми тіркелген алты партияның бесеуі: “Нұр Отан”, “Ақ жол”, “Адал” (бұрынғы “Бірлік”), “Ауыл” және “Қазақстан халық партиясы” (бұрынғы “Қазақстан коммунистік халық партиясы”) мәжіліс сайлауына 312 кандидат (90 әйел, 222 ер адам) ұсынған. Кандидаттардың орташа жасы – 46,7. Ең жасы 25-те. Бұл жолы парламент сайлауына түсіп жатқандардың арасында қазіргі алтыншы шақырылымдағы мәжілістің 34 депутаты да бар.

10 қаңтардағы дауыс беру қорытындысы бойынша, парламент мәжілісінің 98 депутаты сайланады. Тағы тоғыз депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы тағайындайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз