Көктемнің алғашқы күні “алғыспен” басталады

0
768

Қазақстан төртінші жыл қатарынан көктемнің алғашқы күні 1 наурызды “алғыс айту күні” бүкілхалықтық мерекеретінде атап өтіп келеді.

1 наурыз “алғыс айту күнін” елдегі 130-дан астам этнос өкілдерінің бір-біріне “рақмет” айтысып, құрмет пен ізет көрсететін күн.

Алғыс айту күні – қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын күні. Қазақстан халқы алғаш рет Алғыс күнін 2016 жылы атап өтті. Президент 2016 жылдың 14 қаңтарында өз Жарлығымен 1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясы күні, яғни, Алғыс айту күні деп жариялады.

2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Ассамблеяның жиырма жылдық мерейтойы аясында Елбасы өз сөзінде Алғыс айту күнін атап өтуді ұсынды. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурыз – мереке күні ретінде таңдалып, бұл күні «еліміздің халқы бір-біріне жер аударылған жылдары шыдамдылық пен қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс білдіре алады».

«Бұл күн барлық қазақстандықтардың бір-біріне деген мейірімділігінің, достығының және махаббатының жарқын мерекесі болуы тиіс», – деген болатын Мемлекет басшысы.

Қазақстанның көпұлтты отбасы – бұл бірнеше көші-қон толқындарының нәтижесі. Столыпин реформалары кезінде елімізге жер-жерлерден бүтіндей бір этностар жер аударылып келген еді. Оларды вагондардан кең далаға түсіріп кеткенде, қазақ отбасылары өздерінің мұқтаждықтарына қарамастан қоныс аударушыларды өз үйлеріне қабылдаған-ды.

ХХ ғасырдың басында Қазақстанға Беларус, Ресей және Украинадан 1,1 млн адам келеді, ал 1930-шы жылдары ұжымдастыру барысында екі жүз елу мың мүлкі тәркіленген шаруалар топтастырылып, 1,2 миллионға жуық адам өнеркәсіптік нысандарды салуға жіберілді. Олардың барлығы Қазақстанда тұрақтап қалады. Осыған орай арнайы мерекені құру – Қазақстан халқына ауыртпалығы мол жылдарда көрсеткен ықыласы үшін құрмет пен алғыс білдірудің ізгілігі.

Мерекенің тағы бір терең философиясы өсіп келе жатқан ұрпақтың бойында толеранттылық, сыйластық, бір-біріне достық сезімдерін тәрбиелеу, Қазақстандағы этносаралық келісім мен ұлтаралық қатынастарды нығайту болып табылады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік ұлттық саясат жүйесінде басты орында, ол сегіз жүзден астам этномәдени бірлестікті қамтиды. Оның төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті, ал сессия – жоғары орган болып табылады, оның шешімі барлық мемлекеттік құрылымдардың қарауына міндетті.

1995 жылдан бастап, Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық даму мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының жұмысын үйлестіруші болды. Бұл қызмет этносаралық келісімді қамтамасыз етудің ақпараттық, білім беру, тәрбиелік, құқықтық, сондай-ақ халықаралық аспектілерін қамтиды.

Алғыс айту – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Дана халқымыз «Жақсы сөзге жан семіреді» дейді, жақын, туған жандарға жиірек алғыс сөздерін айтып, құшаққа бөлеу, ыстық ықыласпен жүрекжарды тілек білдіру – рухтандырып, қанаттандырады.

Психологтардың айтуынша, алғыс айтудың адам ағзасына оң әсері бар. Алғыс айту – жан күйзелісін емдейді, адамның жағдайын үйлестіреді және оны адамның дамуына ықпал ететін жағымды, ресурстық жағдайға шығарады. Осы орайда «Алғыс күнделігі» деп аталатын әдістеме бар екенін айта кету жөн болар, онда әр кеш сайын адам өзінің не үшін алғыс білдіріп, риза болатынын жазады: қуаныш, өмірлік күш, тыныштық, жаңалық, кездесулер, алған сабақтар, тәжірибе.

Сондай-ақ адам өз күнін ризашылықпен бастап, алғыспен аяқтаса – өз өмірінде бағалайтын естеліктер молаятынын тәжірибе байқатады. Осылайша, адам өзінің оң ойлау қабілетін қалыптастырады. Соның салдарынан көңіл-күйдің жақсаруы, дүниені қабылдау мен отбасындағы, жұмыстағы, көршілермен қарым-қатынастардың жақсаруы жүйеленеді. Өмірдің жағымды жақтарына назар аударатын адам күйзеліске аз ұшырайды және міндеттердің шешімін тиімді табады, өйткені әр түрлі жағдайларда даму ресурсын жиі көре бастайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз