16 маусымда жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті.

2 сағаттан астам уақытқа созылған жиында онға жуық адам сөйледі.

Ұлттық құрылтайды ашып берген президент Құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүр екеніне тоқталды.

“Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары  жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда. 

ҚҰРЫЛТАЙ ЖҰМЫСЫ ҚАЛАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАДЫ?

Құрамында 117 адам бар құрылтайға барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайдың басты мақсаты ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарды талқылау екенін жеткізді.

“Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Белсенді азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесін ескереміз. Жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын қолдаймыз”, – деді президент.

Жаңа технологиялар арқылы халық ауқымды реформаларға қатысатын болады. Нақтыласақ, Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірленеді. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады.

“Құрылтайға қанша адам кірсе де, қоғамды толық қамти алмайды деген пікір айтылып жүр. Бірақ, Құрылтай мүшелерін көбейте берсек, одан пайда болмайды. Бұдан жұмыстың берекесі қашып, ұйымдастыру ісі қиындап кетуі мүмкін. Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет”, – деді мемлекет басшысы.

25 ҚАЗАН – РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ҚАЙТАДАН МЕМЛЕКЕТТІК МЕРЕКЕ МӘРТЕБЕСІ БЕРІЛЕДІ

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы еді.

“Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек”, – деді Тоқаев. 

ЕҢБЕККЕ БАУЛУ ЖӘНЕ ЖАС ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ

Жиында президент әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттерге тоқталды.

“Бұл елдер еңбектің арқасында сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тынбай жұмыс істеуге баулиды. Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн. Халқымыз “Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы” деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан “толық адамның” еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет”, – деді ол.

КАДР САЯСАТЫ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ

Тоқаев қоғамда қызу талқыланып жатқан кадр саясаты мәселесіне де тоқталды.

“Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағалы. Мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланның мүшесі ретінде қарауға болмайды. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс. Бірақ, мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет. Кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды. Әлеуметтік желіде “ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?” дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ, негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек”, – деді президент.

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ МӘСЕЛЕСІ

Президент латын әліпбиіне көшуді лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе екенін айтып қазақ тіліне арналған орфографиялық қағидаларды қайта қарауды ұсынды.

“Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы. Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Бірақ, ең алдымен, бұл Осыны жақсы түсінген жөн. Бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда, соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн”, – деді ол.

КЕЛЕСІ ҚҰРЫЛТАЙ ТҮРКІСТАНДА ӨТЕДІ

Ұлттық құрылтай жыл саны өтіп тұрады. Президент қазақ даласындағы ел тағдыры шешілген тарихи орындарға тоқталды. Ұлытаудан бөлек, Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе сияқты қастерлі жерлерді атап өтті. Ол келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынды.

“Құрылтайдың әр аймақта өту сол өңірдің дамуына серпін береді. Оның мүшелері әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады”, – деді Тоқаев. 

Президент Тоқаев ұлттық құрылтай құру және оның ережесі мен 117 адамнан тұратын құрамын бекіту туралы жарлық шығарған. Оны өзі басқарып, орынбасарлары етіп мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен “Бас редакторлар клубы” республикалық қоғамдық бірлестігі президенті Бибігүл Жексенбайды тағайындаған. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз