Нұр-Сұлтанда вакциналау қалай жүріп жатыр?

0
169

17 сәуірде Қазақньюс сайтының тілшілері Нұр-Сұлтандағы  ойын-сауық орталығындағы вакциналау аймағындағы жағдайды бақылап дәрігерлермен екпе алған қала тұрғындарымен сөйлесіп қайтты. 

Нұр-Сұлтандағы MEGA Silk Way ойын-сауық орталығында халықты коронавирусқа қарсы вакциналау басталды. Қазіргі уақытта азаматтарға тек екпенің бірінші дозасы егіліп жатыр. Ерікті түрде екпе жасатуға келген адам алдымен 20 сұрақтан тұратын сауалнаманы толтырып, толықтай тексерістен өтеді.

Вакцина салдырғаннан кейін тұрғындардың қолына нұсқаулық беріледі. Нұсқаулықта дәрігердің байланыс нөмірі жазулы тұрады. Егер қандай да бір жағымсыз әсер, белгілер байқалса пациент дереу дәрігерге хабарласуы керек.

“Салауатты Астана” ЖШС дәрігері Майкамал Есельбаева.

Дәрігер Майкамал Есельбаева жастардың вакцина салдыруда белсенділік танытатыны қуантатынын айтады. Егде кісілер де ерікті түрде екпе жасатуда, “практикамызда 83 жаста вакцина салдырған кісі тіркелді” деді дәрігер.

“Қазір халық арасында вакцина салдырып ауырып қалдым деушілер көп. Иә екпе жасатқан адамда 56 күн ішінде көптеген белгілер байқалуы мүмкін. Иммунитет бірінші дозаны алғаннан 28 күн өткеннен кейін ғана қалыптаса бастайды. 28 күн бойы бетперде тағып, адам көп жиналған жерге бармай, қолды жиі жуып ережелерді сақтаған жөн. Екінші дозаны алғаннан кейін де иммунитет толық қалыптасуы үшін 28 күн қажет. Толықтай 100 пайыз иммунитет қалыптасады деген кепілдік жоқ”, – деді дәрігер Майкамал Есельбаева. 

Дәрігер 16 сәуір күні 290 адамға екпе жасағанын жеткізді. Ол екпе жасау енді басталып жатқандықтан әзірге вакцина жетіспеушілігі байқалмайтынын айтты. Вакцина 2-3 күн сайын Қарағандыдан жеткізіліп отырады. “Салауатты Астана” орталығына қарайтын медициналық орталықтарда қосымша 1500 вакцина артығымен тұрғаны айтылады.

Қала тұрғындары пандемияны тоқтатудың ең тиімді жолы жаппай вакцинация екенін айтады. Олар ресейлік “Спутник V” вакцинасы туралы зерттеп оқымаса да сеніп салдырып жатқанын жеткізді. Кейбірі шетелде тұратын балаларына емін еркін барып қайту үшін екпе алғанын айтты.

Денсаулық сақтау министрлігігі бейсенбі күні Қазақстанда жарты миллионнан аса адамның  “Спутник V” вакцинасының бірінші дозасын алғанын хабарлады. Бұл халықтың 2,6 пайызы. Екпенің екі дозасы 108 мың адамға (0,8 пайыз) салынған.

Сәрсенбіде елде 70 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы егілген. Бұл вакциналау басталғалы бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш.

Нұр-Сұлтан қаласы халықты вакциналау бойынша Алматы қаласы және облысынан кейін үшінші орында тұр.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус пневмониясын қосқанда 330 мыңнан астам адамнан Covid анықталған. 4 мыңнан астам адам қайтыс болған. Қазақстан Орталық Азияда науқастар мен коронавируспен байланысты адам өлімі көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз