Қудалаудан қашқан түрік отбасы Эгей теңізінде cуға кетті

0
164

Автократиялық жағдайдағы Түркияның президенті Режеп Тайып Ердоғанның озбыр режимінің қудалауынан бас сауғалау үшін қайыққа мініп, теңіз жолымен елден шығуға тырысқан бес адамдық отбасы Эгей теңізінде суға батты, деп хабарлайды Turkish Minute сайты.

Стокгольм бостандық орталығына (SCF) хабар берген сенімді ақпарат көздері Грекияның Лесбос аралы жағалауына жақын жерде табылған денелердің Хүсейін Маден есімді Түркия азаматының отбасы мүшелеріне тиесілі екендігін мәлімдейді.

SCF-ке берілген ақпаратта Түркияның Самсун аймағында тұратын жақын туыстарының Маден отбасысынан хабар алмағанына бірнеше күн болғаны анықталды. Осылайша, Грекия жағалауында табылған денелердің Ердоған билігі тарапынан Гүлен қозғалысы мүшелеріне бағытталған қудалаудан бас сауғалау үшін теңіз жолымен елден шығуға мәжбүр болған Хүсейін Маденнің балалары Надир Маден, Бахар Маден мен Феридун Маденге тиесілі болу мүмкін екені айтылады.

Жиналған ақпаратқа сәйкес, Грекияның жергілікті билігі Лесбос аймағынан шыққан өлі денелерден табылған жеке куәліктерді Маден әулеті мүшелеріне тиесілі ме екендігін анықтау үшін түрік полициясына берген.

Грек масс-медиасында шыққан хабарларда 11 қараша 2017 жылы Эгей теңізінің солтүстік-шығысында орналасқан Лесбос аралы маңынан үш баланың өлі денесі табылғаны туралы ақпарат тарады. Босқындармен жұмыс істейтін бірде-бір орган немесе ұйымнан хабар-ошарсыз кеткендер туралы еш мәліметтің келмеуі тергеу жұмыстарын бастаған полиция қызметкерлерін әбден абдыратқан.

Lesvos News сайтына сүйенсек, грек полициясы үш баланың қайықпен аралға жетуге тырысқанда қаза тапқан үлкен босқындар тобының бір бөлігі болғаны туралы болжам жасайды. Лесбосқа таяуда келген босқындармен оқиғаға қатысты жеке сұхбат жүргізген жергілікті полиция өкілдері мәселенің мән-жайы медициналық сараптамадан кейін анықталады деп үміттенеді.


-Бір жылда 150 мыңға жуық жазықсыз азамат қызметінен шеттетілді

Әділетсіздікке ұшырап, жазықсыз жапа шеккен азаматтардың Түркиядан заңсыз жолдармен шығу әрекеті толастар емес: 15 шілде 2016 жылы 246 азамат қаза тапқан сәтсіз төңкеріс әрекетінен кейін түрік үкіметі жүздеген мың азаматқа қатысты қаулы шығарып, төлқұжаттарының күшін жойды.

Төңкеріс әрекетінен кейін Режеп Тайып Ердоған басқаратын «Ақ партия» («Әділет және даму партиясы») үкіметі төңкерістің артында ғалым Фетхуллах Гүлен және оның ізбасарлары тұр деп айыптады. Ал бұл айыптауларды қабылдамаған Фетхуллах Гүлен төңкеріс әрекетін тергеу жұмыстарына тәуелсіз әрі әділ халықаралық ұйымдарды тартуды ұсынды.

Президент Ердоған болса, төңкеріс әрекетін «Құдайдың сыйы» деп қабылдады. Гүлен қозғалысына қатысы бар деген желеумен мемлекеттік органдардан түрлі көзқарастағы азаматтарды қызметтерінен шеттетті. Мұнымен тоқтамай, өзіне қарсы келген танымал адамдардың абыройына шабуыл жасады, билік Гүленнің жақтасы деп жариялаған азаматтарды қамауға бағытталған ауқымды тазарту жұмыстарын жүргізді. Осының салдарынан 150 мыңға жуық білікті маман (судьялар, қарапайым ұстаздар, полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер) жазықсыз қудалауға ұшырап, қызметтерінен айырылды. Ал елдің әділет министрлігінен 13 шілде күні тараған мәлімдемеде соңғы бір жылда 50 мың 510 кісінің қамауға алынғаны, оған қоса 169 мың 013 кісінің сәтсіз төңкеріске қатысты айыптаулар бойынша сотта ісі қаралғаны белгілі болды.


Қудалаудан бас сауғалаймын деп суға кеткен Хүсейін Маден кім?

Түркиядағы озбыр биліктің қудалауынан бас сауғалаймын деп Эгей теңізінде суға батып кеткен Хүсейін Маден, әлеуметтік желіде оны танитын кісілер бөліскен ақпараттарға сүйенсек, өз ісіне адал, қарапайым бір ұстаз болатын. Бүкіл әлем ақтап алған, 15 шілдеде болған төңкеріс әрекетіне ешқандай қатысы жоқ, биліктегілердің саяси амбициясының құрбаны болған (масс-медиада Гүлен қозғалысы деп те аталып жүрген) Қызмет Әрекетіне (Hizmet Hareketi) көңіл қойған 40 жасар физика пәнінің мұғалімі.

Әйелі Нур Маден де – бастауыш мектепте ұстаздық еткен. Надире (13 жас), Бахар (10 жас) деген өрімдей екі қыз бен Феридун (7 жас) есімді ұл тәрбиелеп отырған Хусейін, алдымен, 15 шілдеден кейін шыққан арнайы қаулымен кәсібінен айырылады, артынша, Қызмет Әрекетіне қатысы бар деген желеумен келіншегі екеуіне қатысты “террористік ұйымға мүшелік” деген айыппен тергеу жұмыстары басталады.

Қара күшті қажет ететін түрлі жұмыстар жасап жан баққан

“Екеуіміз де қамауға алынсақ, балаларымыз далада қалады” деп қорыққан Хусейін мен Нур полициядан жасырынып өмір сүруді жөн көреді. Бір жылға таяу уақыт басқа мекендерді пана еткен отбасының тұрғылықты мекенжайына полиция бірнеше мәрте рейд жасайды. Осы уақытта Хусейін қара күшті қажет ететін түрлі жұмыстар жасап жан бағуға тырысады.

Жоғары білімі бар, өз кәсібінде түрлі жетістіктерге жеткен ұстаздың сондағы бар тапқан табысы 1000 лираның (шамамен 85 мың теңге) о жақ бұ жағын құраған. Бұған да тоба деген отбасы күн өткен сайын күшейген полицияның қысымына байланысты қолда бар ақшамен шетелге шығуға бел буады. Алайда жұмыстан жазықсыз қуылуы мен мал-мүлкінің тәркіленуі себепті Хүсейін жинақтаған қаражатының көп бөлігінен айырылып қалған болатын.

Туыстары берген ақпаратқа сүйенсек, Хусейін осы кезде заңсыз көші-қонды ұйымдастыратын контрабандистермен де кездескен. Дегенмен отбасындағы бес кісі үшін қажетті қаражатты беруге шамасы келмейді. Осыған байланысты ол қолындағы қаражатына таныстарынан қарызға алған белгілі бір соманы қосып, ескі қайық сатып алады. Қайықты сатқан адамдардың нұсқауларына сүйенген Хүсейін отбасымен Грекияның Лесбос аралына баруды шешеді.

-Досы онымен өткізген соңғы күнін айтып берді..

Қарызға ақша берген досы онымен бірге өткізген соңғы күнді айтып берді. Досы таңға дейін екеуінің әңгіме дүкен құрғанын, Хусейіннің әңгіме арасында 10 лираға (шамамен 850 теңге) үстіне ұсталған қалың шалбар мен көйлек сатып алғанын жайлы айтқанын атап өтті. Хусейін қоштасарда еш кеткісі келмейтінін, бірақ басқа амалының қалмағанын күйіне жеткізген. Досының “Қанша ақшаң бар?” деген сұрағына Хүсейін: “5-6 мың лира бар. Алла жар болсын!” – деп жауап берген. Негізінде еш жыламайтын адам екенін атап өткен досы Хусейінмен қоштасарда көңілі босап, көзіне жас алғанын мәлімдеді.

-Соңғы сапар..

Таң бозармай тұрып 40 жасар физика пәнінің мұғалімі Хүсейін Маден отбасымен осы мезгілде тұма бұлақтай асаулана бұлқынған Эгей теңізінің толқындарына қарай жол тартады. Іле Маден отбасынан соңғы рет хабар келеді: “Жарықтарды көріп тұрмыз, аралға келдік” деген хабарламадан кейін отбасы хабар-ошарсыз кетеді. Одан кейін, шамамен, 20 күндей уақыт өтті. Туыстары телефондарына жауап бермеген отбасының грек полициясына беріліп, босқындар лагеріне орналасқанына үміттеніп жүре береді. Алайда Лесбос аралы жақындарында табылған үш баланың өлі денесі жайлы ақпарат таралғалы олардың мазалары жоқ, табылғандардың екі қыз, бір ұл екенін естігенде зәре-құттары қашқан. Оның үстіне мәйіттердің жас шамасы жайлы мәлімет те көңіл көпшіткен емес. Босқындар лагерінен жайлы хабардың келмеуі жүректерді қан жылатады.

Балалардың мәйіті теңізде көп қалып қоюуына байланысты, ДНК үлгілері алынғаннан кейін бірден жер қойнауына берілген. Жақын туыстары Грекияға қанша өтуге тырысқанмен, визалық кедергілерді аса алмай әлек.

-Жеткен жетістігі көп алғыр ұстаз

Хусейін Маден өз саласында жеткен жетістігі көп физика пәні мұғалімі болатын. Түркияның білім саласындағы белді ұйымы TÜBİTAK-пен (Түркия ғылыми-техникалық зерттеулер кеңесі) бірге білім көрмесін де ұйымдастырған. 2015 жылы өткен бұл шараның Хүсейін Маденнің алғырлығымен ұйымдастырылғаны жайлы ақпаратты Түркияның білім министрлігі сайтынан өз көзіңізбен көруіңізге болады.

-Маден отбасы неге бас сауғалауға мәжбүр болды?

Достарының айтуынша, жасы қырыққа енді келгеніне қарамастан, Хусейін Маденнің  денсаулығы сыр берген. Бүйрек, бауыр және көкбауырына бірнеше операция жасалған. Осы себепті Хусейін тұтқындалған жағдайда басқа да педагог таныстары секілді түрмеде денсаулығы нашарлап, өміріне қауіп төнетіндігін ойлап алаңдаған. Бұған қоса келіншегі Нурға қатысты да сот ісі басталуына байланысты, балаларының әке-шешесінен ажырап, далада қалуына жол бермеуі керек болатын.

Сонымен қатар, Хусейін Маденнің жұмыстан шығарылып, мал-мүлкіне тәркіленгелі күн өткен сайын отбасының материалдық жағдайы да нашарлайды. Жазықсыз айыптаулар тағылып, полициядан жасырынулары себепті, балалары да мектепке барып, үздіксіз білім алу мүмкіндігінен айырылған-тын.

Жоғарыда көрсетілген себептерді көз алдымызға елестетіп көрейік. Отбасының Түркияда әлеуметтік өлімге апарар өмірден қашып, тозығы жеткен қайықпен теңіз арқылы қауіп-қатерге толы сапарға шығуын айыптауға бетіміз шыдай ма?!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз