Әшімбаев Жетісай мен Мақтааралдағы су мәселесін көтерді

0
105

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жетісай мен Мақтааралдағы шаруалардың мұң-мұқтажын жеткізіп, жауапты сала мамандарынан аталған мәселеге қатысты қандай шаралар жасалып жатқанын сұрады.

Мәулен Сағатханұлының айтуынша Түркістан облысынан сайланған депутаттар Жетісай мен Мақтаарал аудандарындағы мәселелерді арнайы жеткізіпті.

«Жетісай, Мақтаарал аудандарындағы жергілікті халық наразылықтарын білдіріп жатыр. Негізгі мәселе «Достық» каналы арқылы келетін су көлемінің азайып кетуі. Көрші мемлекеттерден келіп жатқан судың көлемі азайды деп айтып жатыр. Келісілген шарттарға сәйкес секундына 40 куб метр су келу керек болған болса, бүгінгі күні ол 25- дейін қысқарып кетті деген әңгіме болып жатыр. Бұл жерде басқа да себептер болуы мүмкін. Тәжікстан мен Өзбекстаннан келетін су ғой әңгіме. Осыған байланысты министрліктің ұстанымы қандай? Нақты не істеліп жатыр?»,-деді Мәулен Сағатханұлы.

Сенат төрағасының сұрғанына Экология вице-министрі Азидуллин Галидулла жауап берді.

«Бұл мәселеден хабарымыз бар. «Достық» каналы Өзбекстаннан келетін, бірігіп пайдаланатын канал. Біздің сұранысымыз бойынша 40 куб метр келу керек еді. Бірақ 35 куб метр келіп жатыр. Ал, жаңа сіз айтып жатқан 25 метр куб бұл таратылуға мүмкіндік беріп жатқан судың көлемі. Яғни, он шақты куб метр су каналдың бойында қалып тұр. Қалғаны шаруа қожалықтарға берілуде. Әрине аталған мәселе бақылауымызда. Жетісай мен Мақтаарал аудандарына арнайы қызметкерлерімізді жібердік. Олар екі күннен бері осы мәселемен шұғылданып жатыр», -деді Г.Азидоллаұлы.

Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша ішкі жұмыстарда да кемшіліктер бар. Сөз болып отырған аймақтағы қызметкерлердің сауатсыздығынан да олқылықтар орын алған. Дегенмен, қазіргі таңда кемшіліктердің орны түзетіліп, шаруалардың 85-90 пайызына су жеткізлген.

«Расымен де трансшекаралық су мәселесі бойынша… Тәжікстандағы су қоймасынан келетін су көлемін ұлғайту бойынша келісімдер жүргізілуде. Мәселе, бір екі күнде шешіліп, «Достық» каналына келетін су ұлғаю керек. Бүгінде «Достық» каналына келіп жатқан судың көлемі секундына 70 метр куб. Келісімге сәйкес осы суды Өзбекстанмен тең бөліп пайдаланып отырмыз. Дегенмен де маусым айының басында Тәжікстанда осы мәселеге байланысты үлкен жиын болады, сол кезде барлығын пысықтап, тиісті нәтижеге қол жеткіземіз деп сендіремін», -деді вице-министр.

Мәулен Сағатханұлы вице-министрге аталған мәселені бақылауда ұстауды және Түркістан облысынан сайланған депутаттармен бірлесіп шешуді тапсырды.

Сапарғали Қанат

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз