Швейцария банкінен елден заңсыз шығарылған 1,3 млн доллар табылды

0
66

Бас прокуратура қылмыстық жолмен алынып, заңсыз жолмен елден шығарылған мүлікті қайтару бойынша жасалған жұмыстардың нәтижесінде Швейцарияның “RothschildBankZurich” атты банкінен 1 миллион 300 мыңнан астам доллар көлемінде қаражат анықтады.

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаржы М. Абдралиев есімді азаматқа тиесілі. 2012 жылдан бастап халықаралық іздеуде жүрген М. Абдралиевтің «Қорғас ісі» аталып кеткен қылмыстық іс бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері Т. Жақаев, И. Әбдірахманов және Б. Құрманалиевке шет мемлекеттерде ақшалай қаражатты заңдастыруға көмектесті деген айып тағылған.

Осыған байланысты істі жүргізген прокурор швейцариялық банктегі ақшалай қаражатты тәркілеу туралы өтінішхатты сотқа жолдаған. 29 наурызында Алматы қаласының Алмалы аудандық соты прокурордың өтінішхатын қанағаттандырған.

Бұдан өзге, аталған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру жұмыстары барысында «ТАТ Кредит» ЖШС-ның кеңсесін тінту кезінде М. Абдралиевке тиесілі 762 мың доллар және 915 мың теңге табылған. Іле прокуратура ақшалай қаражатты тәркілеу үшін сотқа тиісті өтінішхат жолдаған.

Нәтижесінде прокуратура органдарының бастамасы бойынша  2,1 миллионнан астам доллар мемлекеттің пайдасына тәркіленген.


Биылдан бастап қылмыстық-процестік заңнамаға өзгерістердің енгізілуіне байланысты сот үкімі шыққанға дейін заңсыз жолмен алынған мүлік тәркіленуі мүмкін.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз