Тоқаев бірнеше азаматқа мемлекеттік награда табыстады

0
30

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Олардың қатарында әнші Димаш Құдайберген, футболшы Асхат Тағыберген, ақын Жүрсін Ерман және тағы да басқа өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.

Президент салтанатты рәсімде сөз сөйлеп, қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы рекордтық көрсеткішке жеткенін және жақында халық санының 20 миллионға жететін айтты.

«Қазақстан әлеуметтік салада айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Халықтың денсаулығын жақсарту үшін қомақты қаржы бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде азаматтардың орташа жасы 74,4 жасқа жетті. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш», – деді президент.

Бұдан бөлек президент, қазіргі таңда Әділетті Қазақстанды құрып жатқанымызды айтып, өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыру керектігін жеткізді.

«Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек. Осы орайда тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлін атап өткен жөн. Себебі ол еліміздің Тәуелсіз мемлекет атанып, тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді», – деді мемлекет басшысы экс-президент туралы.

Сөз арасында мемлекет басшысы, 5 қарашада өтетін қала және ауыл әкімдерінің сайлауын тілге тиек етті. Айта кетейік, сайлау үш қала мен 42 ауданда өтеді.

«Жақында аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін азаматтарымыз тікелей сайлайтын болады. Әзірге жаңа тәсілдің тиімділігін байқап көреміз. Адам құқығын қорғау жүйесі жетіле түсті. Конституциялық Сот қайта құрылды. Омбудсмендердің мәртебесі көтеріліп, құзыреті кеңейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға жаза күшейтілді», – дейді президент Тоқаев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз