Адам болу – тек сыртқы әрекеттер жиынтығы емес. Бұл – өзін-өзі тану, үздіксіз іздену және өмірдің мәнін ұғыну жолы. Өз ойы, іс-әрекеті мен сезімін үйлестіре білген жан ғана шынайы, толыққанды тұлғаға айналады.
Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы адам болудың негізгі формуласын айқын көрсетіп кеткен. Оның түсінігінде ақыл – білім мен ойлау қабілеті, қайрат – еңбек пен іс-қимыл, ал жүрек – мейірім мен сезімнің белгісі. Осы үш қасиетті тең ұстаған адам ғана кемелдікке жетеді. Ақылсыз адам жолынан адасады, қайратсыз жан арманына қол жеткізе алмайды, ал жүрексіз адам нағыз адамгершіліктің мәнін түсіне алмайды.
Бұл ойды түркі дүниесінің көрнекті ғұламасы Жүсіп Баласағұни де терең пайымдаған. Оның «Құтты білік» еңбегінде:
«Біліксіз адам – бір айнасыз соқыр,
Білім – нұр, оны үйрен, жанып отыр», – деп жазылған. Бұл сөздер ақыл мен білімнің адам өміріндегі бағыт-бағдар беретін шам екенін аңғартады. Өзін таныған адам ғана өмірде өз жолын анық таба алады.
Қайрат пен жүрек – істің және сезімнің қуаты. Адам арманына жету үшін табандылықпен еңбектенуі, әр ісін адал атқаруы тиіс. Жүрегі таза, ниеті түзу, ісі шынайы болғанда ғана адам рухани биіктей түседі. Ақыл, қайрат және жүрек бірлікте болғанда тұлға жан-жақты дамып, кемелдікке қадам басады.
Қорытындылай келе, өзін танып, ақылын, қайратын және жүрегін үйлестіре білген адам ғана нағыз толық тұлға бола алады. Сондықтан өмір жолында үздіксіз даму, іздену және мейірімді болу – әр адам үшін басты мақсат. Өйткені адам болу – тек білім мен күшке емес, жүректің тазалығына да байланысты.
Өзіңді таны. Үздіксіз дамы. Жүрегіңді таза ұста.
Толғанай Темірханова, 11-сынып оқушысы





















































