Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығын тәуелсіз журналистер иеленді

0
199
Филиппиндік журналист-зерттеуші Мария Ресса және "Новая газета" басылымының бас редакторы Дмитрий Муратов. Photo: Getty images

“Новая газета” басылымының бас редакторы Дмитрий Муратов пен филиппиндік журналист-зерттеуші Мария Ресса биылғы Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығына иеленді.

Оқи отырыңыз: Медицина бойынша Нобель алған зерттеу созылмалы ауруларды емдеуге көмектеседі

Нобель комитеті таратқан ақпаратта журналистер “демократия мен әлем алғышарты болып саналатын пікір еркіндігін қорғауға күш салғаны үшін” марапатталғаны жазылған.

“Қауіп-қатер мен қоқан-лоқыға қарамастан “Новая газета” басылымының бас редакторы Дмитрий Муратов газеттің тәуелсіз саясатын қорғай білді. Ол журналистердің құқықтарын тұрақты түрде қорғады” деп BBC сайты Нобель комитетінің жетекшісі Берит Рейс-Андерсеннің сөзінен үзінді келтіреді.

Осы жылы бұл сыйлыққа 95 ұйым мен 234 адам ұсынылған. Арасында ресейлік оппозиционер Алексей Навальный, белорус оппозициясы жетекшілерінің бірі Светлана Тихановская, швед экобелсендісі Грета Тунберг те бар.

Үміткерлердің толық тізімі құпия сақталады және тек 50 жылдан соң ғана жариялануы мүмкін. Лауреаттарға 10 млн швед кроны (бір миллион доллардан астам) мөлшеріндегі сыйақы беріледі.

Былтыр Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығы БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына берілген.

Нобель сыйлығы алғаш рет 1901 жылы табысталған. Оның алғашқы лауреаттары швейцариялық кәсіпкер, халықаралық Қызыл ай ұйымын құру жөніндегі бастама иесі Жан Анри Дюнан және француз саясаткері, бітімгер Фредерик Пасси болған.

Нобель сыйлығының тарихында сыйлық әлем бойынша 107 адамға (17-сі әйел) және 25 ұйымға берілген. 1901-2020 жылдары аралығында Бейбітшілік жөніндегі сыйлық 101 рет табысталған. Комитет 19 рет сыйлыққа лайықты кандидат таба алмаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз