Бүгін Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі хатшылығының ХХІ отырысы өтті. Онда әлемнің 23 елінен келген дін лидерлері мен өкілдері әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде қабылданған декларациядағы мақсат-міндеттердің іске асырылу барысын талқылаған.
Бейбітшілік және келісім сарайында өткен іс-шараға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм және тағы басқа діндер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуге қатысушыларға арнаған үндеуін оқып берді.
«Қазір геосаяси ахуал ушығып, түрлі сын-қатер ушығып тұр. Осы алмағайып кезеңде ізгілік, мейірімділік, бауырмалдық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түсті. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Рухани лидерлер осы бағытта күш жұмылдырып, барша адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге сүбелі үлес қосады деп сенемін. Хатшылықтың бүгінгі отырысы да осы мақсатқа орай ұйымдастырылып отыр», – делінген Мемлекет басшысының үндеуінде.
Отырыста «Өркениеттер қақтығысы» мен діни қайшылықтар қаупін еңсеруге ықпал ету Съездің маңызды үлесі екені айтылды. Мәулен Әшімбаев, мызғымас рухани және адамгершілік құндылықтар, толеранттылық пен диалог мәдениеті қазіргі қоғамның іргетасы болуға тиіс екенін атап өтті.
«Біздің ел дінаралық және конфессияаралық диалогты бейбітшілік пен келісім мәдениетінің ажырамас бөлшегі ретінде дәріптейді. Қазіргі таңда арандатушылардың өздерінің теріс пиғылдары үшін дінге сенушілердің діни наным-сеніміне манипуляция жасауы үлкен алаңдаушылық тудырады. Қасиетті кітаптарды өртеу, діни рәміздерді қорлау – халықтар мен діндер арасындағы дұшпандықты қоздыратын вандализм. Бұл проблеманы шешу жолында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары өте маңызды рөл атқарады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында қатысушылар Қазақстан Президентінің тапсырмасымен әзірленген Съездің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын бекітті. Бұл құжат Форумның БҰҰ институттарымен және басқа да беделді халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығын нығайтуды, сондай-ақ, серіктестер шеңберін және форум қызметінің географиясын кеңейтуді көздейді.
Кездесуге қатысушылар съезд хатшылығының келесі XXII отырысын 2024 жылдың күзінде Астанада өткізу жөнінде шешім қабылдады.