Қасым-Жомарт Тоқаев Бишімбаев ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды

0
28

Президент құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңесті. Атап айтқанда, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Бас прокурор Берік Асылов, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, сондай-ақ басқа да салалық ведомстволардың басшыларымен кездесіп, консультациялар өткізді, деп хабарлайды kazaknews.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысы заңның сақталуына, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға қатысты мәселелерге баса мән беретіні атап өтілді. Заң мен Тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.

Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты Заң мен Тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

«Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел», – деді Президент.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз