Qazwrite қазақша сауатты жазуға қалай көмектеседі?

0
581
Qazwrite жобасы.

Кейінгі жылдары қоғамда қазақ тілін дамытуға талпынып жүрген түрлі белсенді жобалар пайда болды. Соның бірі Нұр-Сұлтан қаласында тұратын студент Айна Гизатқызының қазақша қатесіз жазуды насихаттау мақсатында бастаған “Qazwrite” жобасы. Қазақньюс тілшісі жоба авторымен әңгімелесті.

Оқи отырыңыз: IT стартаптар қазақ тілін дамытуға қалай көмектеседі?

Qazwrite жобасы қалай басталды? 

Qazwrite “қазақша контентке қандай үлесімді қоса аламын?” деген сұрақтан басталды. Маған адамдардың қате жазғаны ұнамайды. Осыны өзгерту үшін өзіме “Айна, сен не істей аласың? Жақсы, сен қатені ұнатпайды екенсің? Ал не істемекшісің?” деген сұрақтарды қоя бастадым. Сөйтіп бұл жобаны карантин режимінің бір кешінде-ақ бастап кеттім. Бұл – бірінші себеп.

Екіншіден, методика деген нәрсе бар. Біздегі білім беру жүйесінде методика қарастырылмайды. Методика не ескі (ешкім түсінбейтін), не жаңа (шала) деп бөлінеді. Ал қазақ тілін заман талабына сай білім беріп, тілді үйрететін оқытушылар аз. Бірақ ағылшын тілінің методикасында жаңа талпыныстар, методикалар, креативті оқыту әдістері күн сайын эксперименттен өтіп жатыр. Біз неге солай істемейміз? Түсінбеймін…

Менің негізгі мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бірақ мектепте жұмыс істегім келмейді. Сол себепті қазір журналистикамен байланыстырып, осындай медиа өнім ұсынып жатырмын.

Жүйесіне келсек, жазбалардың авторы – өзім, ережелер ғылымнан, креатив, идея, ұсыну техникалары менің және дизайнердің қатысуымен іске асырылады.

Бүгінде қазақ тілі мәртебесінің мәселесі көп көтерілсе де, жалпы сөз жүзінде шектеледі. Қоғамның басым бөлігі орысша сөйлейді, балаларын орысша мектеп, балабақшаға береді дегендей… Бұған не дейсіз?

Көп жағдайда келісем. Кеше ғана бір тәулік уақытымды пойызда өткіздім. Халықты, қарапайым контент тұтынушыларды тыңдап көрдім. Бірінің балалары орысша мектепте оқиды екен, келесі бірі қазақша кино көрмейді-мыс.

Qazwrite жобасының негізін қалаушы Айна Гизатқызы.

Бұл тұста тағы бір топ бар. Ол орысша сөйлеп, өмір сүретін орта буын өкілдері. Білесіз бе, олар қазір Қазақстан тәуелсіздік алып, мемлекеттік тіл қазақ тілі болса да балаларын орыс тілді мектептерге береді. Неге деген сұраққа жауаптары бір:

“Балам қазақ мектебінде оқыса, мен үй тапсырмаларына көмектесе алмаймын. Себебі қазақ тілін білмеймін. Орыс мектепте оқығаны маған қолайлы әрі ыңғайлы. Басымды артық ауыртқым келмейді…” Осыдай кейін орта буынға қалай ренжімейсің?

Көбі қазақ тілін білмейді, жастарды кінәлайды. Бірақ жастар, балалар үйде, отбасыда ата-ана қай тілде сөйлесе, соны сіңіреді. Жалпы біз жастар “комфорт зонадан” шығуға дайынбыз. Ол үшін тіпті ағылшын тілін де оқимыз. Алайда орта буын аса иілгіш емес. Олар не кеңес үкіметін, не жастарды кәнілайды. Бірақ адам қай тілде сөйлейтінін өзі шешеді ғой. Бір шешімге келу үшін 30 жыл деген аз уақыт емес.

ҚАЗАҚ кирилл таңбаларын қолданбайтындар туралы және латынға көшу жайлы не ойлайсыз?

Қазақ кирилл таңбаларын қолданбау туралы: ешбір ел, ешбір халық өз тілін басқа қаріптермен жазбайды. Ағылшындардың “хеллоу”, “найс ту мит ю ту” дегенін көрдіңіз бе? Жоқ! Себебі бұл – ақымақтық, я болмаса еріншектік. Ал біздікілер қуана-қуана “салем”, “калын калай?” дей береді. Қазақша пернетақтаң неге жоқ десең, өзім білем дейді. Бәрі бір ашуға, ренішке толы кеуде. Өкінішті.

Латынға көшу – өте күрделі процесс. Осыған дейін де миллиардтаған қаражат жұмсалған шығар. Бірақ нақты бір нәтижені әлі көрмедік. Еске түскенде БАҚ-тан қандай да бір әріптің сәл өзгеше жазылатыны туралы бір жаңалық оқып қоямыз. Болды. Әзірге көзбен көріп, қолмен жазып көрмегендіктен бірдеңе айту қиын. Бірақ талай жыл қазақ-кирилл пернетақтасын қолдануды әдетке айналдырмағандар мұны жылы қабылдамасы анық.

Бұл жобаны әлеуметтік желіде ғана емес, шынайы өмірде дамытуға бола ма?

Иә, әрине. Мен кез келген ұсынысқа ашықпын. Өмірімнің қалыпты әдетіне айналған қазақша қатесіз жазуды көппен бөлісуге дайынмын. Қазақ тілін трендке айналдыратын тек – біз. Себебі бұл біздің тіл. Көршінің емес…

Тіл үйрету табыс табуға қалай көмектеседі?

Тұрақты және жүйелі контент ұсынса, кез келген адам табыс таба алады. Себебі қазақ тілі курстары бойынша бәсекелестер кемде-кем. Нарыққа қазір кіріп, үздік атансаңыз, ақша өзі-ақ келеді. Бастысы, істі абыроймен, заңнамаларға сәйкес, адал атқарған жөн. Ал жалпы қазақ аудиториясы білімге ақша құюды үйреніп келеді.

Әмина Марданманова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз