2021 жыл қандай спорт жаңалықтарымен есте қалды?

0
233
Токио Олимпиадасының ашылу салтанаты. Қазақстандық спортшылар. Photo: Turar Kazangapov

2021 жыл бітуге жақындады. Пандемия тұралатса да әлем және Қазақстан спорты жаңалықтан кенде қалмады. Футболдан Еуропа чемпионаты, футзалдан әлем чемпионаты, Токио олимпиадасы, бокстан әлем чемпионаты және т.б. спорт оқиғаларын тізе беруге болады. Қазақньюс ақпарат агенттігі жылды қорытындылап,  2021-де әлемде және Қазақстанда болған спорт жаңалықтарын шолып шықты. 

UFC 

2021 жыл қазақстандықтар үшін UFC октагонында Жалғас Жұмағұлов пен Сергей Морозовтың жекпе-жегімен басталды. 

Алғаш болып 20 қаңтарда октагонға Сергей Морозов шықты. Алайда Сергей дебюттік жекпе-жегінде Хабиб Нурмагомедовтың туыс інісі  Умар Нурмагомедовтен жеңіліп қалды. Абу-Дабиде (БАӘ) өткен “жеңіл салмақ” категориясындағы жарыста 25 жастағы Умар 3 раундтық жекпе-жектің екінші раундында “Қылқындыру әдісімен” жеңіске жетті.

Одан кейін араға жарты жылдай уақыт салып 18 шілдеде Сергей UFC–дегі екінші жекпе-жегін өткізді. Бұл жолы қарсыласы Халид Тахадан төрешілер шешімі бойынша басым түсті.

photo: vesti.kz / Сергей Морозов vs Халид Таха

Сергейден бұрын UFC-мен келісімге отырған Жалғас Жұмағұлов жылдың басында осы аралас жекпе-жек октагонында екінші кездесуін өткізді. 23 қаңтарда Жалғас төрешілер шешімімен Амир Альбазиден жеңіліс тапты. Алайда 10 шілде күні Жалғас жанкүйерлерін қуантып UFC–дегі үшінші жекпе-жегінде америкалық Джером Ривераны жеңді.

Осылайша Жалғас Ривераны тұншықтыру әдісімен жеңгеннен кейін UFC–мен жаңа келісімшартқа отырып, нәтижесінде тағы 4 жекпе-жек өткізетін болды. Жаңа келісімшартпен Жалғас желтоқсанның 4-і күні анголалық Манель Капеге қарсы жекпе-жек өткізді. Алайда барлығы сәтсіз аяқталып, Манель Капе техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

photo: prosports.kz / Жалғас Жұмағұлов vs Манель Капе

UFC–дегі үшінші қазақстандық файтер әзіге жеңіліссіз келе жатыр. Шавкат Рахмонов 2021 жылы тек бір кездесу өткізді. Шавкат 27 маусымда бразилиялық Мишель Празеристі тұншықтыру әдісімен жеңіп, өзінің жеңіліссіз рекордын (14-0) жалғастыруда.

photo: prosports.kz / Шавкат Рахмонов vs Мишель Празерис

КӘСІПҚОЙ БОКС

29 қаңтар күні Мексиканың Куэрнаваке қаласында қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (11-0-0) голандиялық Стивен Даньоға (17-3-3) қарсы үш титул үшін бокстасты. Соңғы рет 2019 жылы кәсіби бокста рингке шыққан Садриддин, араға екі жыл салып үш титул үшін жекпе-жекте Стивеннен басым түсті. Осылайша Садриддин “WBA Continental, NABF, WBC Francophone” титулдарын алғашқы орта салмақта жеңіп алды.

21 ақпанда тағы бір қазақстандық кәсіпқой боксшы рингке шығып, жеңісімен жанкүйерлерін қуантты. 37 жастағы Қанат Ислам Майамиде (Флорида, АҚШ) 27 жастағы эквадорлық Джейсон Миндамен (14-2-1, 8 КО) кездесіп, 28-ші жеңісіне жетті. Осылайша, Қанат Ислам 28-жекпе-жегінде 28-рет жеңген. Оның 22-сінде қарсыластарын нокаутқа жіберді.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам. Photo: whoboxing.com

21 қарашада Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы Лас-Вегаста (АҚШ, Невада штаты) өткен жекпе-жекте француз боксшысы Хассан Ндам Нжикамды нокаутпен жеңді. Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жекте орта салмақтағы өзіне тиесілі WBO Global чемпионы титулын қорғап қалды. Он раундқа жоспарланған жекпе-жек 8 раундта төреші шешімімен тоқтатылды.

2021 жылдың қыркүйек-қазан айларында жаңартылған BoxReg рейтингі бойынша орта салмақта Жәнібек Әлімханұлы WBC тұжырымында 4 орында, IBF тұжырымында 9 орында, WBO тұжырымында 2 орында тұр.

Жәнібек Әлімханұлы. Photo: inform.kz

ӘУЕСҚОЙ БОКС

2021 жылы 25 қазан мен 6 қарашада әуесқой бокстан Сербия астанасы Белградта кезекті әлем чемпионаты өтті. Әлем чемпионатына спортшылар 13 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтады. Қазақстан құрамасы аталған дүниежүзілік біріншілікке толық құраммен қатысты. Нәтижесінде, он спортшы ширек финалға дейін жетсе, финалда 4 боксшы өнер көрсетті.

Теміртас Жүсіпов (48 кг), Сәкен Бибосынов (51 кг) чемпионатта алтын медаль, Махмуд Сабырхан (54 кг) және Серік Теміржанов (57 кг) күміс медаль, ал Абылайхан Жүсіпов (67 кг) қола медальға ие болды. 

Теміртас Жүсіпов

 

Сәкен Бибосынов

 

Махмұд Сабырхан

ФУТБОЛ

Қазақстанда футбол наурыз айының 2-6 арасында Қазақстан суперкубогінің матчтарымен басталды.

Биыл турнир жаңа форматта өтті. Онда жартылай финал және финал ойындары өткізілді. Жартылай финалда “Тобыл” негізгі уақытта 3:3 кейін пенальти сериясы арқылы “Қайратты” жеңді, ал “Астана” “Шахтерді” (2:0) есебімен жеңді. Үшінші орын үшін матчта “Қайрат” “Шахтерді” (2:1) есебімен жеңді. Финалдық матчта елордалық “Астана” мен қостанайлық “Тобыл” командалары кездесіп, 5:4 пенальти есебімен “Тобыл” командасы жеңіске жетті.

Барлық ойын Түркістан қаласындағы “Түркістан-арена” стадионында өтті.

Қазақстан Суперкубогі – 2008 жылдан бері өтіп келе жатқан және бүгінге дейін өзінің бастапқы түрінде сақталған отандық футболдағы жалғыз ауыспалы кубок.

Тобыл футбол клубы

 

Гол салған Астана клубы ойыншыларының қуанышы

Ал Қазақстан чемпионаты 13 наурыз бен 30 қазан аралығында 14 клуб арасында өтті. Нәтижесінде Тобыл командасы 61 ұпаймен жеңімпаз атанды. Екінші орынға Астана клубы, ал үшінші орынға алматылық Қайрат клубы тұрақтады.

10 шілде мен 28 қараша аралығында Қазақстан кубогы өтіп, алматылық Қайрат финалда қарағандылық Шахтердан басым түсті. Осылайша алматылық Қайрат клубы өз тарихында оныншы рет Қазақстан кубогын жеңіп алды. Ал, Шахтер клубы үшінші рет кубок финалисі атанғанымен бұл турнирде тек бір мәрте жеңімпаз атанған.

photo: vesti.kz / Қайрат ФК

Маусымның 12-сі мен шілденің 12-сі арасында футболдан ЕУРО – 2020 чемпионаты өтті. Былтыр өтуі тиіс турнир коронавирус пандемиясына байланысты биылға шегерілді. Финалда Италия құрамасы Англияны жеңіп, 53 жылдан кейін екінші рет Еуропа чемпионы атанды.

Финалда есепті ойынның 2-минутында Англия құрамасының қорғаушысы Люк Шоу ашты. Ал 67-минутта италиялық қорғаушы Леонардо Бонуччи есепті теңестірді. Ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталып, ары қарай финал қосымша уақытқа ұласты.

Қосымша уақытта 1:1 есебі өзгерген жоқ. Кейін екі команда жеңімпазды анықтау үшін пенальти сериясын орындады. Пенальтиден 3:2 есебімен Италия басым түсті. 

Еуропа чемпионаты 1960 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Содан бері әр төрт жыл сайын өтеді. Биыл турнир алғаш рет бір елде емес, Еуропаның 11 қаласында ұйымдастырылды.

Италия құрамасы. Photo: Sky Sports

29 қарашада франциялық “Пари Сен-Жермен” клубының және Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси “Алтын доп-2021” иегері атанды. Месси футбол мансабында әлемдік рекорд жасап “Алтын допты” жетінші мәрте иеленді. 

Екінші орында германиялық “Бавария” клубының ойыншысы Левандовски, ал үшінші орында “Челси” ойыншысы Жоржиньо тұрақтады.

2021 жылы Месси ұлттық құрама сапында алғаш рет кубок (CONMEBOL Америка кубогы) жеңіп алды. Левандовски “Бавария” сапында Германия чемпионы атанды. Одан бөлек Бундеслигада 41 гол соғып, Герд Мюллердің рекордын жаңартты. Жоржиньо Италиямен Еуропа чемпионатында және “Челсимен” чемпиондар лигасында жеңіске жетті.

photo: footboom.com Лионель Месси

 

ТОКИО ОЛИМПИАДАСЫ

Жапонияда XXXII жазғы олимпиада ойындары 23 шілде мен 9 тамыз аралығында өтті. Коронавирус пандемиясына байланысты Халықаралық Олимпиада комитеті 2020 жылдың 24 наурызында Олимпиаданы “2020” жазуын сақтай отыра бір жылға кейінге шегерілгені туралы хабарлады. Бастапқыда Токио Олимпиадасы 2020 жылдың 24 шілде мен 8 тамыз аралығына жоспарланды. 

Олимпиадада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Токио Олимпиадасына жаңадан бес спорт түрі енді. Олар: бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг.

Медаль есебінде АҚШ 39 алтын, 41 күміс, 33 қоламен 1-орынға тұрақтады. Қытай 38 алтынмен 2-орында қалды. Алаң иесі Жапония өз рекордын жаңартып 27 алтын медаль жеңіп алды. Төртінші орында – 22 алтын медаль алған Ұлыбритания, бесінші орында – 20 алтын медаль алған Ресей.

Қазақстан спортшылары Токиода қоржынға 8 қола медаль салды. Спортшылар медальдарын дзюдо, ауыр атлетика, каратэ, бокс, еркін күрес жарыстарынан алды. Жалпы медаль есебінде Қазақстан 83-орынға тұрақтады. 

Медальға ие болған спортшылар: зілтемірші Зүлфия Чиншанло мен Игорь Сон, боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов, дзюдошы Елдос Сметов пен еркін күрестен Нұрислам Санаев, каратэші Дархан Асаділов және Софья Берульцева. 

Токио Олимпиадасының ашылу салтанаты. Қазақстандық спортшылар. Photo: Turar Kazangapov

 

Токио олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов. Photo: Olympic.kz

 

Токио олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон. Photo: Olympic.kz

24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында Токиода ХVI-шы жазғы паралимпиада ойындары өтті. Қазақстан құрамасы 5 медальға ие болды.

XVI Паралимпиада ойындарына еліміздің атынан 7 спорт түрінен 25 пара спортшы қатысты. Осылайша, Қазақстан өз тарихында паралимпиадаға қатысатын спортшы санының рекордын бұзды. Аталған жолдамалардың жетеуі – суда жүзуден, алтауы – дзюдодан, бесеуі – пауэрлифтингтен, үшеуі – таеквондодан, екеуі – жеңіл атлетикадан. Сонымен қатар отандық спортшылар алғаш рет каноэде ескек есу мен оқ атудан жолдама иеленді.

26 тамыз күні қазақстандық паралимпиадашы Давид Дегтярев пауэрлифтингтен 54 келі салмақта чемпион атанды. Осылайша Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті. 

27 тамызда пара дзюдошы Әнуар Сариев 60 келіде күміс медаль жеңді. Спортшы финалда әзербайжандық Вугар Ширинлиден жеңілді. 28 тамызда тағы бір қазақстандық пара дзюдошы Теміржан Дәулет 73 келіде күміс медаль иеленді.

29 тамызда дзюдошы Зарина Байбатина ел қоржынына тағы бір күміс медаль әкелді. Ал бесінші медальды 1 қыркүйекте 100 метрге брасс әдісімен жүзуден Нұрдаулет Жұмағали жеңіп алды.

Паралимпиадашы Давид Дегтярев Токиода өтіп жатқан паралимпиадада пауэрлифтингтен 54 келі салмақта чемпион атанды. photo: Olympic.kz

Токио паралимпиадасының күміс жүлдегері, дзюдошы Әнуар Сариев.

ФУТЗАЛ

Қыркүйек айының 12-сі мен қазан айының 3-і күні Литвада футзалдан әлем чемпионаты өтті.  

Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Коста-Рика құрамасын 6-1, Литва құрамасын 3-0 есебімен жеңіп, соңғы турда Венесуэла құрамасымен тең (1-1) ойнады. Одан кейін 1/8 финалда Тайланд құрамасына жауапсыз 7 гол соғып, 1/4 финалда Иран құрамасын 3-2 есебімен жеңіске жетті. Ал жартылай финалда Португалиямен тең түсті. Өкінішке орай пенальти сериясында португалиялықтарға есе жіберді. 

Қола медаль үшін таласта қазақстандықтар әлемнің бес дүркін чемпионы Бразилиядан жеңілді – 2:4. Ал Португалия құрамасы турнирдің жеңімпазы атанды.

Қазақстан футзалдан әлем кубогына осымен үшінші рет қатысты. 2000 жылы Гватемалада өткен әлем чемпионатында топтан шыға алмаған. Ал 2016 жылғы әлем біріншілігінде 1/8 финалда Испаниядан жеңілген. Келесі әлем кубогы 2024 жылы өтеді.

Жалпы Литвада өтетін әлем чемпионатында 24 мемлекеттің құрамасы 6 топқа бөлініп, өзара жарысты. Плей-офф кезеңіне топтағы 1 және 2 орын иеленген командалар шықты. Бұдан бөлек ⅛ финалда 16 құрама өнер көрсетуі үшін топтық кезеңде жоғары ұпайлар жинаған тағы 4 құрама плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Қазақстанның ұлттық футзал құрамасының қақпашысы Игита

 

7 қазанда Қазақстан суперкубогының ойынында Қайрат пен Атырау футзал клубтары кездесіп, 5:2 есебімен алматылықтар жеңіске жетті. Осылайша Қайрат футзал тарихындағы алтыншы суперкубогын жеңді.

Суперкубок матчында Атырауда басымдылық болды. Себебі осыған дейін Қайраттың бас бапкері Кака және бірнеше негізгі құрамның ойыншылары Литвада өткен әлем чемпионатынан жақында келіп, толықтай матчқа дайын емес еді. Ал Атырау футзал клубы осыған дейін бірнеше жаттығулар жасап, 4 рет достық кездесу өткізді. Дегенмен алматылық Қайрат өзінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

“Қайрат” футзал командасының ойыншылары.

Араға он күн салып 17 қазанда Қазақстан кубогының финалдық ойынында Қайрат пен Атырау футзал клубтары өзара тағы да кездесіп, 4:3 есебімен алматылықтар жеңіске жетті. Осылайша Қайрат футзал тарихындағы он жетінші Қазақстан кубогын жеңді.

Қос команда соңғы он күнде екі мәрте финалда кездесті. Алайда екеуінде де Қайрат атыраулықтардан басым түсті. Екі матчта Нұр-Сұлтан қаласындағы “Сайран Арена” алаңында өтті.

Естеріңізге сала кетейік жартылай финалда алматылықтар Нұр-Сұлтан футзал клубын 6-2 есебімен жеңсе, атыраулықтар Ақтөбе футзал клубын 7-6 есебімен қосымша уақытта жеңді.

Қазақньюс ақпарат агенттігі сіздерді келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтайды!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз